Қазақстанда қаңғыбас иттер мәселесі қоғамдық талқылаудың өзегіне айналғанымен, біз үшін ең алдымен нақты медициналық қауіп маңызды. Дәрігер ретінде айтарым, ит қапқан әрбір жағдайды адам өміріне төнген тікелей қатер ретінде қарастыру керек.
2026 жылдың бірінші тоқсанындағы медициналық деректерге сүйенсек, Махамбет ауданында жануарлардың тістеуіне байланысты 20 жағдай ресми тіркелген. Соның ішінде 17 адам антирабиялық вакцина алса, 3 адам медициналық көмектен бас тартқан. Бұл сандардың артында үлкен жауапкершілік пен тәуекел тұрғанын түсінуіміз қажет.
Тәжірибеде ит қапқаннан кейінгі ең үлкен қателік – уақыт жоғалту немесе емнен саналы түрде бас тарту. Құтыру ауруы клиникалық белгілері басталған сәттен бастап емделмейтін, өліммен аяқталатын инфекция болып табылады. Дегенмен, бұл дұрыс және уақытылы жүргізілген вакцинация арқылы толықтай алдын алуға болатын ауру. Тістеген жануардың үйдікі болуы немесе жараның кішкентайлығы қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Медицинада «қауіпсіз тістеу» деген түсінік жоқ, сондықтан кез келген белгісіз жануарды потенциалды қауіп көзі деп білуіміз керек.
Жануар тістеген сәтте сақтану әрекеті бірден басталуы тиіс. Ең алдымен, жараны сабынды сумен мұқият жуып, дереу медициналық мекемеге жүгіну ең маңызды қағида. Дәрігер жағдайды бағалап, антирабиялық вакцина егуді бастайды.
Қоғамдағы ит мәселесіне қатысты қарастылып жатырған заңдар маңызды болғанымен, адам өмірін сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігі мен медициналық сауаттылығы. Сондықтан жануармен мұндай жағдай орын алса, еш күтпестен дәрігер көмегіне жүгіну және вакцинация курсын толық аяқтау қажет.

