ДОМБЫРА ҮНІ ДӘРІПТЕЛДІ

Ұлттық домбыра күніне орай Ортақшыл ауылдық кітапханасы мен «Самал» мәдениет үйі бірлесіп, «Қос ішекті қоңыр болмыс – домбыра» атты тағылымды кездесу кешін ұйымдастырды. Шараның құрметті қонағы ретінде З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі, күйші Гүлзира Есенбайқызы шақырылды.

Кеш барысында жиналған қауымға өнер иесінің өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Өнегелі өмір» атты бейнебаян ұсынылды. Одан кейін Гүлзира Есенбайқызы сөз алып, өнердегі алғашқы қадамдары, ұстаздық қызметі мен шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, көрермендердің сауалдарына жауап берді. 

Күйші ауданның белгілі дәулескер күйшісі, сазгер З.Ещанованың «Көңіл толқыны» күйін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кездесуде ауылдың ақ жаулықты анасы Нұрбетай Жұмабаева бастаған аналар қауымы домбырашыны Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ақ баталарын берді. Ал әріптесі, домбырашы Елжан Қамашев Гүлзира Есенбайқызының еңбекқорлығы, өнерге деген адалдығы жайында жылы лебізін білдіріп, қос өнерпаз бірнеше күйді бірге орындады. 

Домбырашының алғашқы ұстазы, мәдениет саласының ардагері Ж.Шағылбайұлы шәкіртіне жүрекжарды тілегін бейнеүндеу арқылы жолдаса, ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған әріптесі, кітапхана саласының ардагері Әлия Нұрмұханова естеліктерімен бөлісті. Шараның сәнін Гүлзира Есенбайқызының шәкірттері Ф.Әділбек, Ж.Кеңес және Ж.Ғабиден орындаған «Каспий толқыны» мен «Ер Тұран» күйлері келтіріп, жас домбырашылар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

Кездесу аясында Ортақшыл ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Қалбергенова ұйымдастырған «Күй күмбезі – домбыра» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қазақтың күй өнері, ұлттық домбыра және дәстүрлі музыка тарихына арналған кітаптар, мерзімді басылымдар мен танымдық әдебиеттер таныстырылды. Кеш соңында «Самал» мәдениет үйінің басшысы Айзада Байғалиева сөз сөйлеп, Гүлзира Есенбайқызына ұлттық өнерді дәріптеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады. 


Ә.НҰРМҰХАНОВА, 
зейнеткер, Ортақшыл ауылы

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT