Жаңа Конституция жобасын ел дамуындағы маңызды әрі тарихи қадам деп бағалаймын. Жаңа жоба азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталып отыр.
Қорғаныс істері саласында қызмет ететін маман ретінде заң үстемдігі қағидатының маңызын күнделікті жұмыс барысында айқын сезінемін. Әскери қызмет – тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін сала. Бұл бағытта әрбір шешім заң аясында қабылдануы тиіс. Жаңа Конституцияда адам құқығы, ар-намысы мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы – біздің жұмысымызға да нақты бағдар береді.
Әсіресе, билік тармақтарының өкілеттіктерін нақтылау, тепе-теңдік механизмдерін күшейту – елдегі тұрақтылық пен сенімді арттыратын маңызды өзгерістер. Мемлекеттік институттардың ашықтығы мен есептілігі қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтады. Бұл өз кезегінде әр азаматтың мемлекет ісіне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Біздің бөлімде әскерге шақыру науқаны кезінде әрбір жас азаматтың құқығының сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Конституция талаптарына сәйкес, барша азамат заң алдында тең. Сондықтан кадрлық жұмыстарда әділдік, ашықтық және кәсібилік басты қағида болып табылады. Жаңа Конституция осы ұстанымдарды одан әрі бекемдей түсті деп ойлаймын.
Сонымен қатар Ата Заңда әлеуметтік әділеттілікке ерекше мән берілуі – маңызды қадам. Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына көрсетілетін қолдау шаралары да конституциялық нормаларға негізделеді. Бұл мемлекет тарапынан қауіпсіздік саласына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Жаңа Конституция қоғамдағы сенімді нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетін де терең түсінуі қажет. Әсіресе жастар арасында заңға құрмет пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру – ортақ міндетіміз.
Р.Жұмағалиева,
аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің
әскери қызметке шақыру жөніндегі инспектор



