Конституцияның 13-бабы: заң алдындағы мүмкіндіктің мәні неде?
Әділдікке деген сенім үлкен мінберден айтылған сөзден емес, қарапайым адамның мәселесі шешілген сәттен басталады. Еңбекақысы кешіккен жұмысшы, құқығы тапталған азамат немесе өз мүддесін қорғай алмай жүрген тұрғын үшін әділ шешімнің маңызы ерекше. Осындай жағдайда Конституцияда бекітілген құқықтардың қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде жүзеге асуы маңызды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабы әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғауына, сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін алуына құқық береді. Бұл норма азаматқа өзінің заңды мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін маңызды кепілдік болып саналады.
Мәселен, тұрғынның мүлкіне қатысты дау туындаса, қызметкер еңбекақысын ала алмаса немесе азамат мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, ол заңда белгіленген тәртіппен өз құқығын қорғау жолдарын пайдалана алады. Ең бастысы – мәселені үнсіз қабылдап, әділетсіздікке көне салмай, заңды мүмкіндіктерді білу және қажет кезде тиісті орындарға жүгіну. Әрине, кез келген даудың шешімі нақты жағдайға, дәлелдерге және қолданыстағы заң талаптарына байланысты болады.
Конституциялық құқықтың тағы бір маңызды қыры – құқықты білу ғана емес, оны өзгелердің құқығын құрметтей отырып пайдалану. Себебі қоғамдағы әділдік бір адамның талабымен шектелмейді. Ол әр азаматтың жауапкершілігіне, заңға құрметіне және өзара сеніміне негізделеді.
Конституцияның 13-бабы бізге бір маңызды ой салады: азаматтың құқығын қорғау – тек заңгерлер мен соттардың міндеті емес, ол әр адамның өз құқығын танып, заңды жолмен қорғай білуінен басталады. Құқықтық сауаты жоғары қоғамда әділдікке деген сенім де нығая түседі.
Гүлдана СӘДУАҚАСОВА



