Дертіңіздің шипасы «Шипадан» табылады

Өткен аптада аудан орталығындағы «Айгүл» сауда үйінде «Шипа» емдік массаж кабинетінің салтанатты түрде ашылуы өтті. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Г.Бекбаева, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Пазулов, аудан кәсіпкерлері мен тұрғындары қатысты.

 

Осыған дейін тігіншілік қырымен танылып келген ІІІ топ мүгедегі, жеке кәсіпкер Жания Шауменованы білмейтін жан кемде-кем. Ол 2019 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болып, «Ділда» тігін шебер­ханасын ашқан болатын. Жанияның өз қолымен дайындаған көз жауын алатын қолөнер бұйымдары жоғары сұранысқа ие болғаны жасырын емес. Кәсіпкерлік саласында азды- көп тәжірибесі қалыптасқан жеке кәсіпкер Жания Шауменова тігіншілік жұмысымен қатар, массаж ісіне бет бұруды ойлайды. Көп ұзамай елорда төріндегі «Алтын тұғыр» емханасында шығыс медицинасы бойынша ересек­тер мен балаларға арналған нүктелі массаж курсын жақсы нәтижемен аяқтап, сертификатқа ие болады.

 

Емдік массаж кабинетінің ашылу рәсімінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жексенбай Пазулов ауданның кәсіпкерлік саласында ө з і н д і к орны бар Жания Шауменованың аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жоғары жетістіктерімен танылып келгенін айтып, бастап жатқан жаңа кәсібінің берекелі болуын тіледі. Сонымен қатар аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Жолай Түгелбаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлнар Бекбаева да емдік массаж кабинетінің ашылуымен құттықтап, ел игілігіне қызмететсін деген ақжарма тілек- терін білдірді.

 

Барлық талапқа сай жабдықталған массаж кабинетінде ағзадағы нүктелерге әсер ете отырып қан айналымын жақсартып, бұлшық ет пен буын ауруларын емдеуге септігін тигізетін нүктелі, банка­мен, емдік бағыттағы қызмет түрлері ұсынылады. Жасөспірімдер мен балалардың дұрыс өсуіне, иммунитет нығайтуға, денсаулығын жақсартуға көмектесетін 6 жастан жоғары балаларға арналған массаж түрін де алуға болады.

 

- Бүгін мен үшін ерекше сәт. Көптен бері ойымда жүрген жаңа кәсібім сәтімен жүзеге асып, қуанып отыр­мын. Ақылы түрде бір айлық курсты тәмамдап, арнайы сертификатқа ие болдым. Әрине, онымен тоқтамай, алдағы уақытта білімімді жетілдіре беретін боламын. Ауданда мас­саж қызметін ұсынатын арнайы орталықтар тапшы. Сондықтан жергілікті халық бастамама қолдау білдіріп, атына заты сай «Шипа» кабинетінен дертіне шипа табады деп сенемін, - дейді жеке кәсіпкер Ж.Шауменова.

 

А.ТЕКЕБАЙ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT