Бірлікке бастаған ерекше басқосу

Мәдениет саласы – шығармашылықпен қатар үнемі ізденісті, ұйымшылдық пен өзара қолдауды қажет ететін орта. Осы орайда мәдениет қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, ұжымдық ынтымақтастығын нығайту мақсатында Бақсай мәдениет үйінің ұйымдастыруымен табиғат аясында «TEAM CULTURE – бірлік күші» атты семинар- тимбилдинг өтті.

Тоғай ішінде еркін форматта ұйымдастырылған шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты мәдениет саласының қызметкерлері қатысты. Күнделікті жұмыс қарбаласынан бір сәт тыны¬стап, әріптестердің бейресми ортада бас қосуына мүмкіндік берген шараның басты мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасумен қатар өзара түсіністік пен қолдауды арттыру, командалық рухты қалыптастыру еді. 

Семинардың ашылуында аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінің әдіскері Құралай Болатқызы сөз сөйлеп, мұндай басқосулардың ұжымдық байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Жайлыбайұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, мазмұнды әрі көңілді демалыс болуына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ Бақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Данияр Құрманғалиев мәдениет қызметкерлеріне қош келдіңіздер айтып, Таңдай жеріндегі табиғат аясында ұйымдастырылған басқосудың жақсы әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлауына тілектестік білдірді. 

Ресми бөлімнен кейін шараның ең қызықты сәті – командалық ойындар мен сайыстар басталды. Бақсай мәдениет үйінің басшысы Жадыра Қуанышқалиқызы әзірлеген бағдарлама қатысушыларды бірден ортақ әрекетке жұмылдырып, әріптестердің бір-бірін жаңа қырынан тануына мүмкіндік берді. Жекелеген ойындарды Жадыра Есеновамен бірге Таңдай ауылдық кітапханасының кітапханашысы Балауса Габдуллина жүргізді. Шараны ұйымдастырушы Жадыра Қуанышқалиқызының айтуынша, тимбилдингтің мақсаты тек көңіл көтерумен шектелмейді. 

– Мәдениет қызметкерінің күнделікті жұмысы үнемі адамдармен қарым-қатынаста, шығармашылық ізденісте өтеді . Сондықтан әріптестердің жұмыс жағдайынан тыс ортада бас қосып, бір-бірімен еркін араласуы да маңызды. Бағдарламаны дайындағанда әр ойынның командалық бірлікті, өзара сенім мен қолдауды күшейтуіне мән бердік. Бүгін әріптестеріміздің белсенділігіне қарап, көздеген мақсатымыздың орындалғанын байқадық. Осындай кездесулер ұжымның бірлігін арттырып қана қоймай, алдағы жұмысқа жаңа серпін береді деп ойлаймын, – деді ол. 

Тимбилдинг барысында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, шапшаңдықты, тапқырлықты және ұйымшылдықты қажет ететін түрлі сайыстарда бақ сынады. Әсіресе, «Мәдениет қызметкері – бесаспап» ойыны ерекше қызығушылық туғызды. Бұл сайыста мамандардың тек өнерге жақындығы ғана емес, кез келген жағдайда жол тауып, ортақ шешім қабылдай білу қабілеті де байқалды. 

Ойындар барысында бір адамның жылдамдығынан гөрі тұтас команданың үйлесімді әрекеті маңызды болды. Бір жерде тапқырлық қажет болса, енді бірінде ептілік пен шапшаңдық сыналды. Ал кей тапсырмаларда қатысушылардың шығармашылық қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігі алдыңғы орынға шықты. Әріптестер бір-біріне қолдау көрсетіп, жеңіске бірге ұмтылды. Ұлттық ойындар да басқосуға ерекше сән берді. Қатысушылар сайысқа белсенді араласып қана қоймай, бір-біріне демеу болып, ортақ мақсатқа жұмыла білудің үлгісін көрсетті. Осылайша, табиғат аясындағы кездесу кәдімгі демалыстан мазмұнды әрі пайдалы тәжірибе алаңына айналды. 

Семинар - тимбилдинг қорытындысында белсенділік танытып, командалық рух пен ұйымшылдықтың жоғары үлгісін көрсеткен қатысушылар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандос Дүйсембаев атынан дипломдармен марапатталды. Бақсай мәдениет үйі де қатысушыларға естелік сыйлықтарын табыстады. 

Бір күндік басқосу мәдениет қызметкерлеріне күнделікті жұмыс қарбаласынан бір сәт сергіп қана қоймай, әріптестерімен тәжірибе алмасып, өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Көңілді сайыс, еркін әңгіме мен ортақ әрекетке толы семинар қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мәдениет саласындағы ынтымақтың маңызын тағы бір аңғартты. 

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

 

 

 

 

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT