1 Мамыр – Татулық пен келісімнің, ортақ шаңырақ астындағы достықтың мерекесі. Мен этнос өкілі болсам да, қазақ жерін өз Отаным, қазақ тілін жүрегіме жақын тіл деп қабылдаймын.
Қазақ халқының кеңпейілдігі мен дархандығы талай ұлтты бауырына басып, бірлікке ұйыстыра білді. Осы қасиетті сезіне отырып, қазақ тілін дәріптеу және осы жолымда үлкен марапаттар мен мадақтамаларға ие болу мен үшін мәртебе. Өйткені тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – халықтың жаны, тарихы мен тағдыры.
Қазақтың көркем сөзі, бай әдебиеті мен салт-дәстүрі – мен үшін үлкен рухани қазына. Осы жолда мен үшін ең үлкен рухани бағдар – Абай Құнанбайұлы мұрасы болды. Абайдың қара сөздері мен өлеңдері адамды ойлануға, өзін тануға, білім мен парасатқа ұмтылуға жетелейді. Оның «толық адам» ілімі – ұлтқа бөлінбейтін, барша адамзатқа ортақ құндылық. Сол мұраны құрметтеу, дәріптеу – әрбір Қазақстан азаматының парызы деп білемін.
Осы айтулы күні баршаңызды 1 Мамыр – Қазақстан халықтарының Бірлік күнімен құттықтаймын!
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен келісім орнап, бірлігіміз мәңгілік болсын!
ЧЕЧЕНЕВА ИРИНА ВИТАЛИЕВНА

