БІР ЖОЛҒЫ КӨМЕК: ОНЫ КІМДЕР АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ?

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ 2008 ЖЫЛҒЫ 25 ҚАҢТАРДАҒЫ №64 ҚАУЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРІНІҢ 2020 ЖЫЛҒЫ 24 СӘУІРДЕГІ №158 БҰЙРЫҒЫ НЕГІЗІНДЕ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА КӨРСЕТІЛЕТІН БІР ЖОЛҒЫ КӨМЕК ТӘРТІБІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ.

2026–2027 оқу жылындағы негізгі өзгерістердің бірі – көмек көрсету кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді пайдалану кеңейтілді. Яғни отбасының әлеуметтік мәртебесін анықтауда цифрлық деректерге басымдық беріліп отыр. Бұл тәсілдің мақсаты – әлеуметтік көмекті нақты адресатқа бағыттау және рәсімдеу кезінде артық құжат айналымын азайту. Егер қажетті мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерде бар болса, сол дерек пайдаланылады. Қажет болған жағдайда ғана қосымша құжат сұратылуы мүмкін. Мұндай өзгеріс бір жағынан ата-ананың құжат жинау жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан мемлекеттік органдардың отбасының әлеуметтік жағдайын нақтырақ анықтауына жағдай жасайды. Алайда кез келген жаңа механизмді тәжірибеге енгізу белгілі бір уақыт пен үйлестіруді талап етеді. Осы оқу жылында туындаған қиындықтардың бір бөлігі де жаңа талаптарды іс жүзінде жүзеге асырумен байланысты. Ауданда білім беру ұйымдары өтініштерді маусым айынан бастап қабылдап бастады. Бұл уақытты алдын ала белгілеудің мақсаты – жаңа оқу жылына қажетті қаражатты жоспарлап, көмекті оқу жылы басталғанға дейін көрсетуге мүмкіндік жасау. 

Көмек барлық оқушыға бірдей берілмейді. Оның нақты әлеуметтік санаттары белгіленген. №64 қаулыға сәйкес, бірінші санатқа мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары жатады. Екінші санатқа жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары кіреді. Үшінші санат – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Төртінші санатқа төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмек қажет болған отбасылардың балалары жатады. Ал бесінші санат – білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындаған өзге де әлеуметтік осал санаттағы оқушылар. Бұл жағдайда ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші негізінде отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын қарап-тексеру актісі жасалады. Осы тәртіппен әлеуметтік тұрғыдан осал отбасына жататын білім алушылар анықталады. Бұл са¬нат бастауыш сыныпта білім алатын тұлғаларды да қамтиды. Демек, ата- ана «мектепке дайындалуға қаржы жетпейді» деген себеппен ғана авто¬матты түрде көмек алушы болып санал¬майды. Отбасының нақты әлеуметтік жағдайы және заңнамада белгіленген талаптарға сәйкестігі қаралады. 

Биыл бір оқушыға көрсетілетін көмектің мөлшері кемінде 51 000 теңгені құрайды. Бұл – ең төменгі белгіленген мөлшер. Жергілікті атқарушы органдардың бюджет мүмкіндігіне қарай сома ұлғайтылуы мүмкін. Сондықтан әр өңірдегі нақты мөлшер бірдей болмауы ықтимал. Бірақ ата-ана үшін соманың көлемінен бөлек оның уақытында берілуі де маңызды. 

№64 қаулыға енгізілген өзгерістер бойынша қаржылай көмек негізінен ата-ананың немесе заңды өкілдің банк шотына ақшалай аударылады. Соны¬мен бірге кей жағдайларда жергілікті атқарушы органның шешімімен материалдық көмек түрінде берілуі мүмкін. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес ақшалай да, материалдық та көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Ол мектеп формасы, аяқ киім, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті зат¬тар түрінде. 
Көпбалалы отбасылар үшін тағы бір маңызды мәселе – бір үйден бірнеше баланың мектепке баруы. Қолданыстағы тәртіп бойынша көмек алуға құқығы бар әрбір мек¬теп оқушысына жеке есептеледі және жеке көрсетіледі. Бұл бірнеше баласы бар отбасы үшін маңызды қолдау. Өйткені, бір оқушыны мектепке дайындаудың өзі белгілі бір шығынды талап етсе, бірнеше балаға бір мезгілде киім-кешек пен оқу құралдарын алу отбасы бюджетіне түсетін салмақты арттырады. Сондықтан ата-ана өз отбасындағы әр баланың көмек алу құқығын жеке нақтылауы қажет. 
Аудандық білім бөлімінің «қорғаушы және қамқоршы органы» әдіскер Айтөре Әбенованың түсіндіруінше, осы оқу жылында нормативтік құқықтық құжаттарға көптеген өзгерістер енгізілуіне байланы¬сты оны жүзеге асыру барысында белгілі бір қиындықтар туындаған. Бұл қиындықтардың шешу жол¬дары жауапты уәкілетті органдар¬мен бірге зерделеніп жатыр. Жаңа талаптарды тәжірибеге енгізу бары¬сында туындаған ұйымдастырушылық мәселелерді тиісті органдар бірлесіп қарастыруда. Мемлекеттік орган¬дар үшін нормативтік тетікті дұрыс ұйымдастыру қаншалықты маңызды болса, ата-ана үшін де оқу жылы басталғанға дейін көмекке қол жеткізу соншалықты маңызды болып отыр. 
P.S 
Бет қатталып жатқанда аудандық білім бөлімінен қаржылай көмек тағайындалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Онда: «Ағымдағы жылдың тамыз айында 360 отбасының 566 баласын қамту жоспарланған. Оның ішінде 157 отбасының 286 баласына тамыз айының 12- сіне дейін, әр балаға 51 000 теңге қаржылай көмек ата – аналар есепшотына аударылды. Бұл жетім және ІІ, ІІІ тоқсан АӘК алушы отбасылар, жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі шегінен төмен отбасылар, қамқоршылық кеңесі айқындайтын өзге де санаттағы отбасы балалары» деп көрсетілген. 
Ш.АСЛАНҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT