Табиғаттың байлығы оның әсем көрінісімен ғана емес, адам өміріне беретін пайдасымен де бағаланады. Таза ауа, мөлдір су, жасыл желек — тіршіліктің ажырамас бөлігі. Сондықтан табиғи ортаны сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі қоғамның маңызды міндетіне айналып отыр.
«Таза Қазақстан» бастамасы табиғатты қорғауға бағытталған нақты әрекеттердің маңызын көрсетеді. Аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды күтіп-баптау және қоршаған ортаны ластамау — табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі.
Ағаш отырғызу сырттай қарағанда қарапайым іс болып көрінуі мүмкін. Алайда отырғызылған көшетті күтіп, оның өсуіне жағдай жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жасыл желек көбейген сайын елді мекендердің көркі артып, адамдардың табиғатпен байланысы нығаяды. Ең бастысы, мұндай жұмыстар табиғатты қорғау бір күндік шара емес екенін ұғындырады.
Экологиялық мәселелерді шешуде әр азаматтың үлесі бар. Біреу пластик қалдықтарын азайтуға тырысса, енді бірі суды үнемдейді, ал тағы біреуі қоршаған ортаны қорғау шараларына қатысады. Жеке әрекеттердің нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін, бірақ көпшіліктің ортақ еңбегі үлкен өзгеріске жол ашады.
Табиғатты қорғау — болашақ алдындағы жауапкершілік. Бүгін отырғызылған ағаштың саясында ертеңгі ұрпақ демалады. Бүгін таза сақталған өзен-көлдер мен жасыл аймақтар келешекке табиғи байлық болып қалады.
«Таза Қазақстан» — тазалыққа шақыратын бастама ғана емес, табиғатқа деген көзқарасты өзгертетін ортақ үндеу. Әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауды өзінен бастаса, жасыл әрі таза Қазақстанды бірге қалыптастыра аламыз.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



