Интернет күнделікті өмірді жеңілдетті: адамдар үйден шықпай-ақ төлем жасайды, тауар сатып алады, ақша аударады және түрлі қызметтерді пайдаланады. Алайда цифрлық мүмкіндіктермен қатар интернет-алаяқтық қаупі де артып отыр. Алаяқтар адамның сеніміне кіріп, асығыс шешім қабылдату арқылы қаражатына немесе жеке мәліметтеріне қол жеткізуге тырысады.
Интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің бірі — өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік мекеме өкілі ретінде таныстыру. Олар телефон шалып, есепшотқа қауіп төніп тұрғанын айтып, адамды үрейлендіруі мүмкін. Кейбірі жалған ұтыстарды, тым арзан тауарларды немесе тиімді инвестицияны ұсынып, ақша аударуды талап етеді. Ал жалған сайттар мен хабарламалар арқылы банк картасының деректерін иемденуге тырысатындар да бар.
Алаяқтардың басты құралы — адамның сенімі мен асығыстығы. Сондықтан бейтаныс адам хабарласып, құпия кодты айтуды немесе ақша аударуды талап етсе, бірден келіспеген жөн. Банк қызметкерлері атынан хабарласқан адамға да толық сенуге болмайды. Күмән туған жағдайда әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан дұрыс.
Қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін бірнеше ережені есте ұстаған жөн:
-
SMS арқылы келген растау кодтарын, PIN-кодты және құпиясөздерді ешкімге бермеңіз.
-
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.
-
Интернет-дүкеннің сенімділігін тексеріп, тым арзан ұсыныстарға сақтықпен қараңыз.
-
Ақша аудармас бұрын алушының деректерін мұқият тексеріңіз.
-
Алаяқтыққа тап болсаңыз, банкке дереу хабарласып, қажет болған жағдайда полицияға арыз беріңіз.
Интернет-алаяқтық тек қаржылық шығынға әкеліп қоймай, адамның жеке деректерінің қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Сондықтан әр азамат цифрлық сауаттылығын арттырып, өз мәліметтерін қорғауды үйренуі қажет.
Заң мен тәртіпті сақтау тек қоғамдық орындардағы мінез-құлықпен шектелмейді. Ол интернетте де сақтық танытып, өз құқығыңды білу мен өзгенің құқығын құрметтеуден көрінеді. Ең бастысы — күмәнді жағдайға тап болғанда асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты тексеріп, заңды жолмен әрекет ету
Г.СӘДУАҚАСОВА



