Қазіргі уақытта интернет адамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақша аудару, сауда жасау, қызметке тапсырыс беру сияқты әрекеттердің барлығы бірнеше минутта орындалады. Бірақ осы қолайлылықты алаяқтар да өз пайдасына пайдалануға тырысады.
Әсіресе жалған хабарламалар, күмәнді сілтемелер, банк қызметкері ретінде хабарласатын белгісіз адамдар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Кей жағдайда адамға тиімді ұсыныс немесе шұғыл шешім қабылдауды талап ететін хабарлама жіберіліп, асығыс әрекет жасауға итермелейді.
Мұндай жағдайда ең алдымен сабыр сақтап, ақпараттың шынайылығын тексеру қажет. Банк картасының деректерін, SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамға беруге болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпей, қаржылық операцияларды тек ресми қосымшалар арқылы орындаған жөн.
Интернеттегі қауіпсіздік тек техникалық қорғанысқа емес, адамның сақтығына да байланысты. Бір сәттік сенімнің орны толмас шығынға айналмауы үшін әр азамат цифрлық ортада жауапкершілік танытуы керек.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



