Цифрлық технологиялар күнделікті өмірді жеңілдеткенімен, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар, күмәнді сілтемелер мен телефон арқылы хабарласатын белгісіз адамдар азаматтардың сеніміне кіруді көздейді. Сондықтан интернетті пайдалану кезінде сақтық таныту – бүгінгі күннің маңызды талабы.
Алаяқтар көбіне банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе таныс адамның атын жамылып хабарласады. Олар шұғыл шешім қабылдауға итермелеп, жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе SMS арқылы келген растау кодын сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда асығыс әрекет етпей, ақпараттың рас-өтірігін тексерген жөн.
Есте сақтайтын маңызды қағида – банк қызметкері де, мемлекеттік орган өкілі де телефон арқылы құпия кодтарды сұрамауы керек. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдарға ақша аудармау және жеке мәліметтерді жарияламау қаржылық қауіпсіздікті сақтауға көмектеседі.
«Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғаумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алуды да көздейді. Алаяқтыққа тап болған жағдайда құқық қорғау органдарына уақытылы хабарлау маңызды. Сақтық таныту арқылы әр адам өз қаражатын ғана емес, жақындарының қауіпсіздігін де қорғай алады.
Г.ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



