Білімге берілген мүмкіндік – болашаққа ашылған жол

Балаға сапалы білім беру – тек отбасының емес, тұтас қоғамның алдындағы жауапты міндет. Өйткені елдің ертеңгі дамуы бүгінгі мектеп қабырғасында қалыптасып жатқан ұрпақтың білімі мен қабілетіне тікелей байланысты.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабында азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар бастауыш және негізгі орта білім алу міндетті екені нақты көрсетілген. Бұл – әр баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан білім алуына жол ашатын маңызды конституциялық норма.

Аталған баптың мәні тек мектепке бару мүмкіндігімен шектелмейді. Ол баланың қабілетін ашуға, дүниетанымын кеңейтуге, қоғамнан өз орнын табуына негіз қалайды. Әсіресе ауылдық жерлерде білім сапасын арттыру, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың қосымша білім алуына жағдай жасау маңызды.

Бүгінде білім беру саласындағы басты міндет – баланы тек оқулықтағы мәліметті меңгерген тұлға ретінде емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, ізденетін, жаңа технологияны игеретін азамат ретінде тәрбиелеу.

Конституция берген білім алу құқығы – жас ұрпаққа ұсынылған үлкен мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану, баланың бойындағы қабілетті дамыту және оның сапалы білім алуына жағдай жасау – ортақ жауапкершілік. Білімді ұрпақ қалыптасқан жерде елдің де ертеңі нық болады.

 

Г.СӘДУАҚАСОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT