Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың «Алтын белгі» иегерлерін қабылдау салтанатты шарасы өтті. Мазмұнды кездесуге білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, ұстаздар, ата-аналар және 2025–2026 оқу жылын үздік аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанған мектеп түлектері қатысты.
Биыл аудан бойынша бес оқушы білім додасының ең жоғары марапатына ие болды. Атап айтқанда, Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі Асылым Нұрболқызы, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің түлегі Эльназ Талғатқызы, Ақтоғай орта мектебінің түлегі Асылай Асхатқызы және А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің түлектері Нұрай Сәкенқызы мен Тамилла Берқайырқызы «Алтын белгі» иегері атанды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жас түлектерді мерейлі жетістіктерімен құттықтап, олардың табысы – тынымсыз еңбектің, ұстаздардың кәсіби біліктілігі мен ата-аналардың мейірімі мен қолдауының жемісі екенін атап өтті.
– Бүгінгі жетістіктеріңіз – тек өздеріңіздің ғана емес, барша ауданның мақтанышы. Ел болашағы білімді, ізденімпаз, отаншыл жастардың қолында. Қай салада еңбек етсеңіздер де туған жерге қызмет етіп, ел сенімін ақтайтын азамат болуларыңызға тілектеспін. Армандарыңыз асқақ , қадамдарыңыз нық болсын, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында үздік түлектерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтары табысталып, олардың ұстаздары мен ата- аналарына да ризашылық білдірілді.
Өз кезегінде «Алтын белгі» иегері Тамилла Берқайырқызы аудан басшылығына, ұстаздары мен ата-анасына алғысын жеткізді.
– Бұл марапат – ұзақ жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Бізге сапалы білім беріп, әрдайым қолдау көрсеткен ұстаздарымызға, сенім артқан ата-аналарымызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта еліміздің даму¬ына үлес қосатын білікті маман атанып, туған жеріміздің абы¬ройын асқақтатуға күш сала¬мыз. Бүгінгі құрмет бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді жас түлек.
Салтанатты шара жас буынға деген сенім мен құрметтің айқын көрінісіне айналды. Білім бәйгесінде топ жарып, үздіктер қатарынан көрінген түлектердің алдағы өмір жолдары жарқын жетістіктерге толы боларына көпшілік сенім білдірді.
Қ.БАҒЫТ


