Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу – бүгінгі қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Өйткені, отбасы – адам тәрбиесінің бастауы, тұлғаның қалыптасу ортасы. Отбасындағы татулық пен өзара сыйластық қоғамның тұрақтылығы мен дамуына тікелей әсер етеді.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Көпшілік бұл ұғымды тек дене жарақатын салумен байланыстырады. Алайда зорлық-зомбылықтың психологиялық қысым көрсету, қорқыту, қорлау, экономикалық тәуелділікке мәжбүрлеу секілді түрлері де бар. Мұндай әрекеттер адамның психикалық денсаулығына теріс әсер етіп қана қоймай, отбасындағы балалардың тәрбиесі мен болашағына да кері ықпал етеді.
Осыған байланысты Махамбет аудандық отбасын қолдау орталығы тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда отбасылармен жеке және топтық кездесулер ұйымдастырылып, психологиялық және құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру шаралары, семинарлар мен тренингтер өткізіліп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса мән берілуде.
Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – отбасылық жанжалдардың алдын алу, тұрғындарға қолдау көрсету және қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыру. Себебі, кез келген мәселені күш көрсету арқылы емес, өзара түсіністік пен ашық диалог арқылы шешу әлдеқайда тиімді. Отбасындағы сыйластық, жауапкершілік пен қамқорлық – берік шаңырақтың негізгі тірегі. Сондықтан әрбір азаматты отбасылық құндылықтарды сақтауға, жақындарына құрметпен қарап, туындаған қиындықтарды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық- зомбылыққа тап болған азаматтар үнсіз қалмай, тиісті мекемелер мен мамандардың көмегіне жүгінгені жөн. Уақытылы көрсетілген көмек адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы мекемелердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір отбасында мейірім мен түсіністік салтанат құрған жағдайда ғана біз қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыра аламыз.
Гүлжайна ӨТЕМІСОВА,
аудандық отбасын қолдау орталығының халықпен профилактикалық жұмыс жөніндегі маманы


