БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БАСТАУЫ

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН КІРГІЗІП, ТІРШІЛІГІН ЖАНДАНДЫРАТЫН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – АДАЛ ЕҢБЕГІМЕН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП ЖҮРГЕН КӘСІПКЕРЛЕР. ОЛАР ТЕК ТАБЫС ТАУЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТҰРМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТУГЕ, САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ҰСЫНУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ. ОСЫН¬ДАЙ ЕҢБЕКҚОР ЖАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА МАХАМБЕТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ ЖАННАТ АЙСАҚЫЗЫ ДА БАР. БҮГІНДЕ ОЛ НЕМЕРЕЛЕРІНІҢ ЕСІМІМЕН АТАЛҒАН «НҰР АЯН» ШАҒЫН ШАЙХАНАСЫН ЖҮРГІЗІП, ТҰРҒЫНДАР МЕН ЖОЛАУШЫЛАРҒА ДӘМДІ ТАҒАМ ҰСЫНЫП КЕЛЕДІ.
 
ЕҢБЕКТІҢ ДӘМІ – ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫНДА 

Жаннат Айсақызы – осы ауылдың тумасы. Бүгінде жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп, бір келін түсіріп, үш немеренің қызығын көріп отырған ардақты ана. Ас әзірлеуге деген қызығушылығы мен отбасының қолдауы оны кәсіпкерлікке жетелеген. Алғашқы еңбек жолын Атырау-Орал тасжолы бойындағы шайханада бастап, сол жерде тәжірибе жинақтайды. Кейін аудан орталығынан ғимарат жалға алып, өз кәсібін қолға алады. Қазір бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына жеті жылға жуықтаған. 

Бүгінде «Нұр Аян» шайханасында ұсынылатын тағамдардың басым бөлігін Жаннат Айсақызы өз қолымен әзірлейді. Таңғы дайындықтан бастап кешкі қонақтарды шығарып салғанға дейінгі жұмыстың негізгі бөлігі – өз мойнында. Ал ішкі жұмыстарда балалары қолғабыс етеді. Шайхананың ас мәзірінде ұлттық тағамдармен қатар бәліш, самса, чебурек, манты, палау, лағман, қуырдақ, борщ секілді сұранысқа ие тағамдардың түр- түрі бар. Кәсіпкер үшін әр тағамның дәмі ғана емес, оның сапасы мен тазалығы да бірінші орында. 

– Кәсіп бастауға жолдасымның қолдауы мен өзімнің түрлі тағам дайындауға деген қызығушылығым себеп болды. Адамдарға дәмді ас ұсынып, жылы әрі жайлы орта қалыптастырғым келді. Қазір шайханадағы барлық тағамды өз қолыммен әзірлеймін. Балаларым ішкі жұмыстарға көмектеседі. Отбасымның қолдауы маған ерекше күш береді, – дейді Ж.Айсақызы. 

Әрине, Жаннат Айсақызы үшін кәсіптің алғашқы кезеңі оңай болмаған. Кез келген істің өз қиындығы болатыны сияқты, бұл салада да түрлі кедергілер кездескен. Алайда табандылық пен еңбек оларды жеңуге мүмкіндік берген. Кәсіпкердің айтуынша, оның ең үлкен марапаты – келген қонақтың риза болып қайтуы. Бір адамның көңілінен шығу келесі тұтынушының келуіне жол ашады. 

ТҰТЫНУШЫ РИЗАШЫЛЫҒЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ 

Жаннат Айсақызы ауылда кәсіп жүргізудің өзіндік ерекшелігі бар екенін айтады. Қаладағыдай халық көп болмағандықтан, әрбір тұтынушының көңілінен шығу – басты міндет. Ауылда адамдар бір-бірін жақсы таниды. Сондықтан адал еңбек пен сапалы қызмет кез келген жарнамадан артық. Шайхананың тұрақты қонақтары да қалыптасқан.

Кейбірі арнайы қаладан келіп, бұрынғыдай дәмді тағамдарын сағынғанын айтып жатады. Кейіпкердің есінде ерекше сақталған оқиғалардың бірі де осы кәсіптің қадірін тереңірек сезіндірген. 

– Бірде бір кісі хабарласып, ауруханаға тағам жеткізуімді өтінді. Баласымен бірге ем алып жатыр екен. Кейін қайта хабарлсып, бірнеше күннен бері ештеңе ішпеген баласының мен апарған лағман сорпасын тауысып ішкенін айтты. «Ауруханадан шыққан соң міндетті түрде өзіңізге барып тамақтанамыз» деп алғысын білдірді. Сол сәтте «Ас – адамның арқауы» деген сөздің мәнін тағы бір сезіндім. Баланың тәбеті ашылып, сауығып кетуіне аз да болса себепкер болғанымды ойлап қатты қуандым, – дейді ол. 

Жаннат Айсақызының пікірінше, ауылдағы шағын кәсіптердің маңызы зор. Біріншіден, тұрғындар алыстан іздемей-ақ сапалы қызмет алады. Екіншіден, уақыт пен қаражат үнемделеді. Үшіншіден, ауылдағы кәсіптің көбеюі жастардың да кәсіпке деген қызығушылығын арттырады. 

Кәсіп пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен уақытты дұрыс жоспарлау, еңбекқорлық пен тәртіп оның күнделікті өмірінің басты қағидасына айналған. – Барлығына үлгерудің сыры – еңбекқорлық, тәртіп және істі сүйіп жасау, – дейді ол. Жастарға да айтары бар. Оның пікірінше, кәсіпті үлкен қаржымен емес, үлкен ниетпен бастау маңызды. 

Қазіргі таңда Жаннат Айсақызы жұмыс істеп отырған шайхана ғимараты жалға алынған. Сондықтан алдағы ең үлкен арманы – өзіне тиесілі кең әрі жайлы шайхана салу. Бірақ кәсіпкер үшін ең басты мақсат – асығыстыққа жол бермей, тағамның сапасын сақтап, халықтың сенімін ақтау. 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT