2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң аясында мемлекеттік сатып алу жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген болатын. Аталған өзгерістер сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруға, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және бәсекелестікті дамытуды көздейді.
КОНКУРСТАРДЫ ӨТКІЗУ МЕРЗІМДЕРІ ҚЫСҚАРТЫЛДЫ
Конкурстық құжаттаманы талқылау – 5 жұмыс күнінен 2 күнге, өтінім қабылдау – 15 күннен 5 күнге, өтінімдерді қарау – 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарды. Бағадан бөлек сапа критерийлерінің рөлі күшейтілді. Жеткізушілерді бағалау кезінде тәжірибе, жергілікті қамту, беделі сияқты бағалық емес өлшемдер кеңірек қолданыла бастады. Шартты жеңілдіктердің мөлшері де қайта қаралды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін бірқатар арнайы талаптар мен шектеулерді белгілейді. Егер әлеуетті өнім берушінің басшылары, құрылтайшылары, ірі акционерлері немесе олардың жақын туыстары тапсырыс беруші жағынан шешім қабылдауға қатысса немесе ұйымдастырушының өкілі болса, мұндай өнім беруші конкурсқа қатыса алмайды.
Өнім беруші мен тапсырыс беруші арасында заңда көзделген үлестестік (аффилиирлену) анықталса, мемлекеттік сатып алуға қатысуға жол берілмейді.
Сондай-ақ жалақы бойынша берешегі бар әлеуетті өнім берушілерге қатысты шектеулер енгізілген. Жүйе өнім берушіні, оның құрылтайшыларын және олармен үлестес тұлғаларды Борышкерлердің бірыңғай тізілімі бойынша автоматты түрде тексереді.
Бұл талаптардың негізгі мақсаты – мүдделер қақтығысын болдырмау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алудың ашықтығын арттыру.
ОТАНДЫҚ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРДІ ҚОЛДАУ
Мемлекеттік сатып алу саясатының негізгі бағыттарының бірі - отандық тауар өндірушілерді қолдау. Соған сәйкес, белгілі бір тауарлар бойынша мемлекеттік сатып алу қазақстандық өндірушілердің өнімдеріне басымдық бере отырып, жүзеге асырылады. Сонымен қатар ұлттық режимнен алып қою тетігі кеңейтіліп, кейбір тауар санаттары бойынша шетелдік өнім берушілердің қатысуы шектелуі мүмкін. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.
Қаржы министрлігі тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесін бекітті. Бұл шағын қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін арттырады.
Конкурстық рәсімдерде аумақтық белгі сияқты бағалық емес критерийлердің маңызы арттырылып, шартты жеңілдіктердің мөлшері ұлғайтылды. Бұл өңірлік және жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
МАМАНДАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУ
Жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар, оқу орталықтары және кәсіби ұйымдар жаңа заң талаптарына бейімделген оқыту курстарын ұсынады. Мұндай курстардың негізгі мақсаты – мамандарды заңдағы өзгерістермен таныстыру және оларды тәжірибеде дұрыс қолдануға үйрету.
Әдетте оқу бағдарламасына мынадай тақырыптар кіреді. Олар: жаңа заңның негізгі қағидаттары мен жаңашылдықтары, мемлекеттік сатып алу тәсілдері және оларды қолдану ерекшеліктері, сатып алуды жоспарлау және ұйымдастыру, әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптар мен шектеулер, конкурстық құжаттаманы дайындау және өтінімдерді қарау, отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктері, электрондық мемлекеттік сатып алу порталындағы жұмыс тәртібі, шарттарды жасасу, орындау және өзгерту рәсімдері, мемлекеттік сатып алу саласындағы құқық бұзушылықтар мен жауапкершілік.
Курстардың басым бөлігі тәжірибелік форматта өткізіледі. Тыңдаушылар нақты сатып алу рәсімдерінің мысалдарын талдап, электрондық порталмен жұмыс істеуді үйренеді, жиі кездесетін қателіктерді талқылайды және заң нормаларын нақты жағдайларда қолдану жолдарын меңгереді.
Курсты аяқтағаннан кейін көптеген оқу ұйымдары тыңдаушыларға сертификат береді. Бұл құжат маманның жаңа заң талаптары бойынша оқудан өткенін растайды және кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Салтанат ТАҢАТАРОВА,
аудандық экономика қаржы бөлімі басшысының орынбасары


