Баланың болашағы туралы сөз болғанда көбіне мектептегі үлгерімі, алған білімі немесе таңдаған мамандығы айтылады. Алайда оның жақсы білім алуы үшін ең алдымен қауіпсіз орта, отбасындағы қамқорлық және денсаулығына көңіл бөлетін қоғам қажет. Баланың тағдырына қатысты әрбір мәселе – мемлекеттің де, ата-ананың да назарынан тыс қалмауы тиіс.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бұл бағытқа ерекше мән берілген. 30-бапта неке мен отбасы, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болатыны көрсетілген. Сонымен қатар балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті ретінде белгіленген.
Бұл жерде ата-ананың жауапкершілігіне ерекше тоқталған жөн. Баланы киіндіру, тамақтандыру немесе мектепке апару ғана жеткіліксіз. Оның пікірін тыңдау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қабілетін дамытуына жағдай жасау да тәрбиенің маңызды бөлігі. Балаға көңіл бөлінбеген ортада оның бойындағы сенім мен жауапкершілікті қалыптастыру қиын.
Конституцияның 32-бабы денсаулық сақтау құқығын бекітеді. Бұл азаматтардың денсаулығын қорғауға және заңда белгіленген медициналық көмекті ақысыз алуға қатысты кепілдіктерді қамтиды. Баланың уақытылы медициналық тексеруден өтуі, аурудың алдын алу және сапалы медициналық көмекке қол жеткізуі оның қалыпты дамуы үшін маңызды.
Ал 33-бап мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуға кепілдік береді. Білім алу – баланың болашақта өз орнын табуына жол ашатын мүмкіндік. Ауыл баласының да қала баласымен бірдей білім алуға ұмтылуына құқықтық негіз бар. Бұл ретте білім сапасын арттыру, мектептегі жағдайды жақсарту және оқушының қабілетін дамытуға қолдау көрсету маңызды.
Тағы бір назар аударатын мәселе – әлеуметтік қорғаныс. Конституцияның 31-бабы азаматтарға заңда көзделген негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік береді. Мұндай қолдаудың маңызы әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін зор.
Бала тәрбиесін бір ғана мекемеге жүктеу дұрыс емес. Мектеп білім береді, отбасы тәрбие қалыптастырады, ал қоғам баланың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне ықпал етеді. Осы үш бағыт өзара үйлескенде ғана жас ұрпақтың болашағына берік негіз қаланады.
Гүлдана ЖОЛДАСҚАЛИҚЫЗЫ



