Балалар еңбегін кім бақылайды?

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС БАСТАЛЫСЫМЕН ҚОСЫМША ТАБЫС ТАБУДЫ ҚАЛАЙТЫН ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙЕДІ. БІРІ АТА-АНАСЫНА ҚОЛҒАБЫС БОЛУДЫ КӨЗДЕСЕ, ЕНДІ БІРІ ӨЗ ҚАЖЕТТІЛІГІН ӨТЕУГЕ ҰМТЫЛАДЫ. АЛАЙДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕККЕ АРАЛАСУЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕС ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ ҚАЖЕТ. СЕБЕБІ БАЛАНЫҢ ЕҢБЕГІ ОНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА, БІЛІМ АЛУЫНА ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ЗИЯН КЕЛТІРМЕУІ ТИІС. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАТТАРЫНЫҢ БІРІ – ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ КЕМСІТУШІЛІККЕ, МӘЖБҮРЛІ ЕҢБЕККЕ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ЕҢБЕГІНІҢ ЕҢ НАШАР ТҮРЛЕРІНЕ ТЫЙЫМ САЛУ. МЕМЛЕКЕТ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУҒА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРЕДІ ЖӘНЕ БҰЛ БАҒЫТТА НАҚТЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАР БЕЛГІЛЕГЕН.

ЕҢБЕК ШАРТЫ ҚАЙ 
ЖАСТАН БАСТАП ЖАСАЛАДЫ? 

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жалпы тәртіппен 16 жасқа толған азаматтар¬мен жасауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар заңда төмендегі ерекшеліктер қарастырылған: 

– 15 жасқа толған азаматтармен – егер олар негізгі немесе жалпы орта білім алған болса; – 14 жасқа толған оқушылармен – тек оқудан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесіне кедергі келтірмейтін жұмыстарды орындау үшін; 

– 14 жасқа толмаған балалармен – тек кинематография, театр, концерт ұйымдары мен цирктерде шығармашылық қызметке қатысу мақсатында және заңды өкілдерінің келісімімен еңбек шарты жасалуы мүмкін. 

Кәмелетке толмаған азаматпен еңбек шарты жасалған кезде оның заңды өкілдерінің бірінің қол қоюы міндетті болып табылады. 

ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАРҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ?

Заң кәмелетке толмағандарды қауіпті немесе ауыр жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салады. 18 жасқа дейінгі азаматтар: 

– ауыр және қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстарда; толық материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерде; 

– ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындары, алкоголь, темекі, есірткі және психотроптық заттарды өндіру, сақтау немесе сатумен байланысты жұмыстарда еңбек ете алмайды. 

Сонымен қатар оларға: түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін) жұмыс істеуге; үстеме жұмысқа; қоса атқаратын жұмысқа; вахталық әдіспен еңбек етуге; жұмыс уақытының жиынтық есебі қолданылатын жұмыстарға тыйым са¬лынады. 

Жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мақсатында олардың жұмыс уақыты да заңмен шектелген. 14-16 жас аралығындағы қызметкерлер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс; 16-18 жас аралығындағы қызметкерлердің жұмыс уақыты ап¬тасына 36 сағаттан аспауы қажет. Бұл талаптардың басты мақсаты – баланың білім алуына, демалуына және толыққанды дамуына мүмкіндік беру. 

ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛУЫ ТИІС 

Қазақстанда кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарының сақталуын бірнеше мемлекеттік орган қадағалайды. Олардың қатарында еңбек инспекциясы, прокуратура, білім беру органдары және құқық қорғау орган¬дары бар. Сонымен бірге, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 бұйрығымен 18 жасқа толмағандардың еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың арнайы тізбесі бекітілген. 

Өкінішке қарай, әсіресе жазғы демалыс кезінде жасөспірімдерді еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау, еңбекақысын төлемеу немесе заңда белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істету жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу болып саналады. Жұмыс беруші еңбек шартын жасамай жұмысқа қабылдағаны, еңбекақы төлеу талаптарын бұзғаны; жұмыс уақытының нормаларын сақтамағаны; еңбек қауіпсіздігі талаптарын орындамағаны және еңбек саласында кемсітушілікке жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

Махамбет аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Манарбек Мұхитовтың айтуынша, аудан аумағында кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту фактілері тіркелмеген. 

– Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – біздің басты міндетіміздің бірі. Қазіргі таңда Махамбет ауданы бойынша кәмелетке толмағандарды заңсыз еңбекке тарту деректері анықталған жоқ. Дегенмен бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жазғы демалыс кезеңінде жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары және басқа да кәсіпкерлік нысандарда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта да мұндай рейдтер жалғасатын болады. Негізгі мақсат – балалар еңбегінің заңсыз пайдаланылуына жол бермеу, олардың құқықтарын қорғау және жұмыс берушілердің еңбек заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету, – деді полиция майоры. 

Егер жұмыс беруші жасөспірімнің еңбек құқықтарын бұзса, қызметкер немесе оның заңды өкілі еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы. Өтініш негізінде тексеру жүргізіліп, заң бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Баланы еңбекке баулу – тәрбиенің маңызды бөлігі. Дегенмен, еңбек оның денсаулығына зиян келтірмеуі, білім алуына кедергі жасамауы және қауіпсіз жағдайда ұйымдастырылуы тиіс. Заң талаптарының сақталуы – жұмыс берушінің ғана емес, ата- ананың да жауапкершілігі. Әрбір бала бақытты балалық шаққа, сапалы білім алуға және қауіпсіз ортада өмір сүруге құқылы. Сондықтан жасөспірімдердің еңбекке араласуы заң аясында ұйымдастырылғанда ғана олардың құқықтары толық қорғалып, болашағына берік негіз қаланады. 

Ш.АСЛАНҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT