БАЛА ӨМІРІНЕ БЕЙҚАМ ҚАРАМАЙЫҚ!

МІНЕ, ТОҒЫЗ АЙ БОЙЫ БІЛІМ НӘРІМЕН СУСЫНДАҒАН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ӨТКЕН АПТАДА СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫМЕН ТАҒЫ БІР ОҚУ ЖЫЛЫН АЯҚТАП, ҮШ АЙЛЫҚ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА АТТАНДЫ. БАЛА АТАУЛЫНЫҢ АСЫҒА КҮТЕТІН, АСЫР САЛЫП ОЙНАЙТЫН, АЛАҢСЫЗ ДЕМАЛАТЫН ДӘЛ ОСЫ КЕЗЕҢДЕ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІНЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРГЕН ЖӨН. СЕБЕБІ, БҰЛ УАҚЫТТА ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР МЕН ТҮРЛІ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕРДІҢ ОРЫН АЛУ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ АРТА ТҮСЕДІ.

СУ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ 

Ми қайнатар жаздың аптап ыстығында суға түсіп, бой сергітуге асыққан үлкенді-кіші өзен-көл жағалап кететіні жасырын емес. Суға түсушілер санының күрт артуына байланысты дәл осы мезгілде өлім-жітім де көбейе түседі. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде соңғы үш жылда 164 бала суға кеткен. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған су айдындарында, сондай-ақ ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы салдарынан орын алған. Ал аудан аумағында суға түсетін арнайы орындар қарастырылмағандықтан барлығы жабайы жағажай болып есептеледі. Қазіргі уақытта суға шомылу маусымы басталмаса да аудандық төтенше жағдай қызметкерлері қауіптің алдын алу үшін жұмысқа кірісіп кетті. Қауіпті учаскелер аумағына суға түсуге «Тыйым салу» бойынша қауіпсіздік белгілері жергілікті округ мамандарымен жыл сайын орнатылып отыр. Олардың айтуынша, елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, судағы төтенше жағдайлардың алдын алу, суға шомылу маусым кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстары әркез бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және тікелей азаматтардың шоғырлану орындарында инспекторлармен жүргізіліп келеді. 

Судағы қауіпсіздікті сақтау бойынша үгіт-насихат және түсінік жұмыстары кеңінен жүргізілсе де нәтиже беретініне ешқандай кепілдік жоқ екені бәрімізге белгілі. Оның шешімі тек қана заңдастырылған жағажайларды ашып, жеке немесе заңды тұлғаларға арнайы құралдармен жабдықталған құтқару бекеттерін құрып, медициналық және қоғамдық бекеттерімен қамтамасыз етілген жағдайда қайғылы оқиғалардың көрсеткішінің азаюына әсер ететіні сөзсіз, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Айгерім Медетова.

Төтенше жағдайлар бөлімі берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы суға шомылу маусымы кезінде 6 оқиға орын алып, 7 адамның суға кету фактісі тіркелген. Ақжайық ауылында суға түсуге жабдықталмаған жерден - 1, Сарытоғай ауылынан - 2 кәмелет жасқа толмаған бала, Алға ауылынан - 1, Сарайшық ауылында балық аулау кезінде және суға шомылу кезінде белгіленбеген жерден 2 адам және Бейбарыс ауылынан 1 жасөспірім бала суға кеткен. Өткен жылы тыйым салынған жабайы жағажайлар аумағында суға түскен тұлғаларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412 бабына сәйкес 4 адамға 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. 

Ауданда жағажай мәселесі түпкілікті шешілмей суға түсу маусымы мен оның аясындағы ахуал өзекті күйінде қалатын секілді. Ал әзірге «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, төмендегі суға шомылу кезіндегі мамандар ұсынған қауіпсіздік ережелерін на¬зарда ұстауға шақырамыз. 

суға шомылатын жерді жалпы жағдайды, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз; 
- тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз; 
- суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар; 
- өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып, қалтырауға дейін жеткізбеңіз; 
- суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз; 
- суға шомылуға ата-ананың рұқсатынсыз және қастарыңда үлкен ересек адам болмай баруға болмайды; 
Жалпы қазіргі кезде су лас, сондықтан түрлі ауру жұқтырып алуыңыз да мүмкін, сол себепті өзен суына шомылмаған дұрыс.

КӨЛІК ҚҰРАЛДАРЫН ЖҮРГІЗУГЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙТІЛДІ

Жаз айларында балалардың велосипед, электрлі самокаттар мен мопедтерді тізгіндеуі жиілейді. Балалардың жол жүрісі қағидаларын сақтамағандықтан және арнайы қорғаныс құралдары болмағандықтан түрлі жазатайым оқиғалар жиі орын алып жатады. Осыған орай, елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бұл көлік құралдарының қозғалысын реттейтін заңнамалық талаптар айтарлықтай қатаңдатылды. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Ерлан Чунышкалиев түсіндіріп берді. 

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір ата- ананың тікелей міндеті. Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау жол ережелерін күнделікті қайталап отырудан, көшедегі қырағылықтан және ересектердің жеке үлгісінен баста¬лады. Өздеріңізге белгілі, заң талаптары бойынша барлық мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілді. Мопед айдауға тек 16 жастан бастап және «А1» санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Әрбір мопед ресми тіркеліп, оған мемлекеттік нөмір тағылуы тиіс. Жүргізушінің басына шлем киюі, көліктің техникалық байқаудан өтуі және сақтандыру полисінің болуы міндетті. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге самокаттарды жалға алуға толықтай тыйым салынып, жалпы самокаттардың жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне шектеу қойылды. Олар тек веложолақтармен немесе жолдың оң жақ шетімен ғана жүре алады. Аталған көлік құралдарына екінші адамды мінгізуге және жолақтан өткенде самокаттан түспей өтуге үзілді-кесілді тыйым салынады.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ереже бұзған жүргізушілерге немесе баланың ата- анасына келесідей айыппұлдар салынады. Шлемсіз жүру, жолақтан само¬катпен айдап өту немесе тротуарда жаяу жүргіншілерге кедергі келтіру - 3 АЕК. Самокатқа немесе мопедке екінші адамды мінгізіп жүру - 5 АЕК. Кәмелетке толмаған балалардың заңсыз көлік айдауына жол бергені үшін ата-аналарға салынатын айыппұл - 10 АЕК. Жүргізуші куәлігі («А1» санаты) жоқ немесе мемлекеттік тіркеуден өтпеген мопедтер айып тұрағына қойылады. Баласының қауіпсіздігі мен заң алдындағы жауапкершілігі үшін әрбір ата-ана бұл ережелерді есте ұстаған жөн. 
Аудан көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу , жасөспірімдердің жол жүрісі ережелері туралы құқықтық сауаттылығын арттыру және жолда жүру мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отыр, - дейді полиция инспекторы Ерлан Маратұлы. 

АУРУ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ 

Балалардың иммунитеті ересектерге қарағанда әлсіз болғандықтан жаз маусымында балалар арасында ішек инфекциялары (ротавирус, сальмонеллез, дизентерия) күрт жиілейді. Қорғаныс қабілетінің төмендігінен ауру тез дамып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осы орайда балалар арасында жиі кездесетін ауруларға қатысты әрбір ата-ана білуі ережелер мен сақтық шаралары жөнінде дәрігер кеңесіне құлақ түрсек. 

Ыстық ауа райы патогенді микроорганизмдердің өсіп - өнуіне ең қолайлы орта. Сапасыз су, дұрыс жуылмаған жеміс- жидектер, тез бұзылатын тағамдар және гигиена ережелерін сақтамау ішек инфекциясының негізгі қоздырғыштары болып табылады. Қауіпті инфекциялардан қорғану үшін біз қарапайым, бірақ маңызды қадамдарды орындап жүруді ұсынамыз. Бірінші кезекте баланы даладан келгенде, тамақтанар алдында және дәретханадан кейін қолды сабындап жууға үйретіңіз. Серуенде жүргенде әрдайым антисептик пен ылғалды майлықтарды пайдаланыңыз. Жазғы жидектерді, көкөністер мен жемістерді ағынды сумен, мүмкін болса, қайнаған сумен шайыңыз. Ет, балық және сүт өнімдерін толық пісіріп қана балаға беріңіз. Сүт өнімдерін, ет тағамдарын және майонез қосылған салаттарды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдырмаңыз. Оларды дайындаған бойда тоңазытқышқа салыңыз. Балаға тек қайнатылған немесе арнайы бөтелкедегі балалар суын ішкізіңіз. Сүзгіленбеген құбыр суын, әсіресе, ашық бұлақ суларын ішуге тыйым салынады. Балалардың субұрқақтарға шомылуына жол бермеңіз. Ондағы су айналымда болады, тазаланбайды және инфекцияның нағыз ошағы саналады. Тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылған жөн.

Ішек инфекциясының негізгі белгілері - іштің өтуі, құсу, дене қызуының көтерілуі және әлсіздік. Бала құсып, іші өткен кездегі ең үлкен қауіп ағзаның сусыздануы (обезвоживание). Сондықтан ата-ана алғашқы кезекте су теңгерімін қалпына келтіру керек. Балаға жиі-жиі, бірақ аз мөлшерде әр 5-10 минут сайын бір шай қасықтан су немесе арнайы электролиттік ерітінділер, мысалы, регидрон беріңіз. Бірден көп мөлшерде су беру қайта құсуды тудыруы мүмкін. Егер баланың қызуы түспесе, құсуы тоқтамаса, үнемі ұйқылы-ояу күйде болса немесе нәжісте қан пайда болса, уақыт жоғалтпай бірден жедел жәрдем шақыру қажет. 

Сонымен қатар жаз мезгілінде балаларға ата-ананың рұқсатынсыз табиғат аясына шығуға , қалың шөп арасында, қалың ағаш арасында, қуыс жерлерге жасырынып ойнауға болмайды. Улы жәндіктер көбіне адам көзінен таса, салқын жерлерде ыстықтан тығылып жататындықтан шағып алуы мүмкін. Мұндай оқиғалар ауданымызда да жиі кездесіп отырады, - дейді аудандық орталық аурухана жұқпалы аурулар бөлімінің инфекционист дәрігері Насиха Наубаева. 

Балалардың жазғы демалысының қауіпсіз әрі мазмұнды өтуі ата-ананың қырағылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Жоғарыда мамандар атап өткен суға шомылу кезіндегі сақтық шаралары, ыстық маусымда жиілейтін ішек инфекцияларынан қорғану және көшедегі жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру үшін қарапайым ғана ережелер үлкен қауіп-қатердің алдын алуы мүмкін. Балалардың амандығы мен алаңсыз күлкісі отбасының басты байлығы болғандықтан, олардың қауіпсіздігіне бір сәт те бейжай қарамайық! 


Б.САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT