Бақша баптаған бүлдіршіндер

Баланың табиғатпен байланысы неғұрлым ерте қалыптасса, қоршаған ортаға деген жанашырлығы да соғұрлым берік болмақ. Ал табиғатты танытудың ең қарапайым әрі тиімді жолдарының бірі – балаға дән ектіріп, оның көктеуін күттіріп, өсіп- жетілуіне бірге куә болу.

Осы бағытта «Алтын балық» бөбекжайының «Күншуақ» тобының тәрбиешісі Сәуле Есмұханова бүлдіршіндерді еңбекке баулып, табиғатқа қамқорлық жасауға үйретіп келеді. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан «Жасыл бақша» жобасы бала¬лар үшін әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні бар тәжірибеге айналған. 
Жоба қыс мезгілінде басталды. Бала¬лар түрлі өсімдіктер мен көкөністердің тұқымдарын егіп, алғашқы өскіндердің пайда болуын күн сайын бақылаған. Тәрбиеші олардың қызығушылығын пайдаланып, өсімдіктің қалай өсіп- жетілетінін қарапайым тілмен түсіндіріп, танымдық жұмысты ойынмен ұштастырды. Кішкентай тұқымның топырақ жарып шығуының өзі бүлдіршіндер үшін қызық құбылыс еді. Бірі алғашқы өскінді байқап қуанса, енді бірі оның күн сайын қалай өзгеретінін бақылауға асықты. Осы арқылы балалар өсімдіктің де күтімді қажет ететін тіршілік иесі екенін түсіне бастады.

Көктем келіп, күн жылынған кезде бөлме ішінде күтіп-бапталған көшеттер бақшаға шығарылды. Осы кезден бастап бүлдіршіндердің жұмысы да көбейді. Олар өсімдіктерге су құйып, арамшөптерді жұлып, көшеттерді күтіп-баптауға атсалысты. Бұл қарапайым әрекеттердің әрқайсысының тәрбиелік мәні бар еді: бала қамқорлықты, ұқыптылықты және бастаған ісіне жауапкершілікпен қарауды іс жүзінде үйренді. Тәрбиеші Сәуле Рахметқызы үшін жобаның басты мақсаты да мол өнім алумен ғана шектелмейді. 

– Балаларға табиғатты сөзбен ғана түсіндіргеннен гөрі, оны өз қолымен сезініп, бақылауына мүмкіндік берген әлдеқайда тиімді. Тұқымды өздері егіп, күн сайын су¬арып, оның өскенін көрген кезде балада ерекше жауапкершілік пайда болады. «Мынаны мен отырғыздым» деп әр өскінге жанашырлықпен қарайды. Біз үшін ең маңыздысы – олардың қанша өнім алғаны емес, еңбектің нәтижесі болатынын түсінуі, табиғатқа қамқор болуды үйренуі. Балалардың өздері өсірген көкөністі жинаған кездегі қуанышын көргенде еңбегіміздің нәтижесін сезінеміз, – дейді С.Есмұханова. 

Жаз бойы күтіп-бапталған көшеттер уақыт өте жайқалып, өнім бере бастады. Балалар тұқымның топыраққа түсуінен бастап, алғашқы жапырақтың пайда болуына, кейін көкөністің пісіп-жетілуіне дейінгі үдерісті өз көздерімен көрді. Ал күзде бірнеше айға созылған еңбектің нәтижесін жинайтын сәт те жетті. Бүлдіршіндер өздері отырғызып, суарып, баптаған көкөністерін жинады. Кішкентай ғана тұқымның өнімге айналғанын көру олар үшін ерекше қуаныш болды. Жиналған көкөністерді балалар балабақша аспазына өз қолдарымен табыстады. Ал аспаз сол өнімдерден тағам әзірледі. Осылайша қыста тұқым егуден басталған жұмыс балалардың дастарқанына дейін жетті. Өздері өсірген өнімнен дайындалған астың да бүлдіршіндер үшін орны бөлек болғаны анық. «Еңбектің наны тәтті» деген сөздің мәнін балаға осындай қарапайым тәжірибе арқылы ұғындыруға болады. Өзі еккен өсімдікті бірнеше ай күтіп, соңында оның жемісін көрген бала еңбектің қадірін ерте түсінеді. 

«Жасыл бақша» – балаларға көкөністің қалай өсетінін көрсететін жоба ғана емес. Ол бүлдіршіндерді төзімділікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке және табиғатты аялауға тәрбиелейтін шағын еңбек мектебі. Бір қарағанда, бұл – балабақша ауласындағы кішкентай ғана бақша. Алайда сол бақшада көктеген әрбір өскінмен бірге бүлдіршіндердің бойында еңбекке деген құрмет пен табиғатқа деген жанашырлық та қалыптасып келеді. Топыраққа себілген тұқым өнім берсе, бала жүрегіне себілген еңбек пен тәрбие дәнінің жемісі одан да бағалы. 

Ш.ТӨЛЕГЕНОВА

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT