Бағзы заманнан жеткен қолөнер жаңғырды

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей- қорығында ерекше рух пен ұлттық құндылыққа толы «Сарайшық - дала өркениетінің мұрасы» атты интерактивті көрме өтті. Шараның басты мақсаты - ұмытылып бара жатқан ата-баба дәстүрін жаңғырту, көне жәдігерлердің тарихын ұлықтау және қолөнердің қыр-сырын келешек ұрпаққа аманаттау.

Тағылымды кештің шымылдығы дәстүрлі «Ауылдың алтыауызымен» түрілді. Ауыл өнерпаздарының орындауындағы әуезді ән мен жыр жиналған қауымды бірден қазақы нақышқа бөлеп, кештің шырайын келтірді. Бұл жолғы көрменің форматы ерекше болды. Келушілер жәдігерлерді жай ғана тамашалап қоймай, бағзы заманнан жеткен құндылықтарға тікелей қанықты. 

Көрме барысында музей қорындағы біраз жәдігердің терең тарихы баяндалды. Мұндағы ең басты ерекшелік - экспонаттардың басым бөлігі «Музейге - сый» акциясы аясында жинақталған. Музей қызметкерлері келушілерге бірегей бесіктер коллекциясын таныстырды. Өкінішке қарай, бұл құнды дүниелердің көбі кезінде қоқыстан тауып алынып, қайта қалпына келтірілген екен. Бұл жердегі әр бесіктің артында ұлттық тәрбие мен ұрпақ тағдыры жатқаны айтылды. Сондай-ақ тұскиіз, текемет, алаша түрлері, самаурын, керосинка, шам, қазан-ошақ және киіз үй ішіндегі жабдықтардың шығу тарихы мен тұрмыстағы маңызы туралы қызықты әңгімелер өрбіді. 

Кеш барысында ер-азаматтың серігі болған қамшылар туралы өте қызықты сұхбат болды. Көшпелі қазақ қоғамында қамшының тек құрал емес, үлкен дипломатиялық және символдық мәні болғаны айтылды. Әсіресе, ұмытылып бара жатқан «Қамшы қайтару» дәстүрі туралы құнды ақпараттар берілді. Қазақ салтында қыз айттыра барған құдалардың немесе маңызды мәселемен келген елшінің қамшысын үй иесінің төрге ілмей, иесіне қайтарып беруі - келісімнің болмағанын, ұсыныстан бас тартқанын білдіретін сыпайы ишара екені түсіндірілді. Бұл мәліметтер жиналған қауымның зор қызығушылығын тудырды. 

Көрме аясында ұйымдастырылған танымдық шеберлік сағаттары да жұртшылықты тәнті етті. Көптің на-зарын аударған ұршық иіру өнері болды. Ауылдың ұлағатты аналары Бәтен апа мен Кәлима апа ұршық иіріп, өнеге көрсетті. Бәтен апа жүн түту, оны шүйделеу және ұршыққа иіру әдістерін іс жүзінде көрсетіп, табиғи жіптен тоқылған бұйымдардың адам денсаулығына пайдасын егжей- тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар қонақтар киіз үй ішіндегі өрмек тоқу өнерімен танысты. Мәрия апа алаша тоқудың құпияларымен бөлісіп, ұмытыла бастаған бұл өнердің қаншалықты төзімділік пен шеберлікті талап ететінін көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі - «Самаурын-батл» сайысы мен ұлттық қонақжайлылық үрдісі болды. Бұл сәтте музей жәдігерлеріне қайта жан біткендей әсер қалдырды. Желе-желіп жеткен қонақтардың қолына жез құманмен су құйылып, жез ле-ген пайдаланылды. Көне ыдыстардың осылайша тікелей қолданылуы кештің этнографиялық сипатын арттыра түсті. Артынша шоқ самаурынға қайнаған ыстық шай ұсынылып, жиналған қауым ерекше әсерге бөленді. 
Ұлттық кодты ұлықтаған бұл тағылымды кеш ауыл ақсақалы Темірболат ағаның ақ батасымен қорытындыланды. Шараға қатысушылар көне шаһар төрінде өткен бұл көрменің жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор екенін ерекше атап өтті. 

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи- мәдени музей-қорығы ұлттық дәстүрмен ұштасқан қолөнерді насихаттауға, өскелең ұрпақтың бойына тәрбиелік мәні зор құндылықтарды сіңіруге бағытталған мұндай тағылымды шараларды алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті. Музей әкімшілігі ел ішінен немесе мекемелер тарапынан танымдық көрмелер мен мәдени жобаларды бірлесе ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар түсіп жатса, оларды қолдап, іс жүзіне асыруға әрдайым ашық әрі дайын екендігін жеткізеді. 

Гүлдана БЕКЕСОВА, 
экскурсия жетекшісі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT