«АЗАМАТТАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУ ҚҰҚЫҒЫ»

Адам құқықтары - адам жарық дүниеге, өмірге шырылдап келген сәттен бастап пайда болады. Адам құқықтары - адамның өз мүдделерін заң шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігі. Адам құқылары табиғи және әлеуметтік болып екіге бөлінеді. Табиғи құқықтар дегеніміз - адамның тіршілік етуінен туындайтын  құқылары.

Әлеуметтік құқылар дегеніміз - адамның мемлекетпен өзара әрекеті процесінде пайда болатын  құқықтары. Адам құқығы - адамның мүддесін қанағаттандыруға бағытталған, заңмен қорғалатын ең жоғарғы демократиялық құндылық. Сондықтанда әрбір адам өзінің де, басқаның осы құндылығын бағалай білу және оған ешқандай да зиян келтірмеу керек.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік қызметтер көрсету туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексі мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Конституциямыздың  бірінші бабы Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары дер бекер айтылмаған.

Қазіргі уақытта мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Әлеуметтік қорғау-бұл жағдайларға байланысты (Кәрілік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылу және басқа да заңды негіздер) экономикалық белсенді бола алмайтын және лайықты ақылы еңбекке қатысу арқылы өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтардың өмірлік қажеттіліктеріне қол жеткізудің белгілі бір деңгейін және әл-ауқатының белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе.

            ҚР Әлеуметтік Кодексі белгіленген әлеуметтік қорғалу құқығына мыналар жатқызылады. Балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жағдайда жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер,  жан басына шаққандағы орташа кірісі кедейлік шегінен аспайтын адамдарға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынылуға мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) арнаулы әлеуметтік қызметтер, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және осы Кодекске және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу арқылы азаматтардың жекеленген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету түрлері жатады.

Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде жылдан-жылға құқықтық реформаны күшейте келе, адам құқықтарының бұлжымастығы, мемлекет тарапынан кепілдігін нығайтып келеді. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласындағы құқықтық оқытуға жәрдемдеседі, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, халықтың Қазақстан Республикасының заңнамасын, аса маңызды халықаралық актілерді білу деңгейін арттыруға қатысады.

         Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл халықтың әлеуметтік осал санаттары құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты жолданымдарды және орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бойынша жәрдем көрсетеді. Адам құқықтарын дамыту жолындағы тағы да бір маңызды қадам -  ол Мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген арнайы іс-қимыл жоспары. Онда ерлер мен әйелдердің тең құқықтары, балалардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың, мигранттардың құқықтары жайлы, азаптаулар мен адам саудасының алдын алу, тағы да басқа мәселелер бойынша нақты іс-шаралар көзделген.

Аталған мәселелер бойынша Адам құқықтары жөніндегі Өкілдік кеңсесіне келіп түсетін шағымдар - баршылық. 2025 жылы Өкіл атына  97  арыз-шағым келіп түсті. Бұл 2024 жылғы қарағанда арыз берушілердің  (өткен жылы 73) санының көбейгенін көрсетеді. Азаматтар көбінесе тергеу органдарының әрекеттеріне, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын күдіктілердің,  айыпталушылардың және сотталғандардың басым көпшілігі ауруына байланысты тиісті медициналық көмек алу кезіндегі қиыншылықтарды, санитарлық-эпидемиологиялық іс-шаралардың талапқа сай болмауына шағымданады  және соттардың шешімдерімен келіспейтінін білдіреді.

            Елімізде адам құқықтарын қорғау саласындағы қабылданған стандарттарды ілгерілету үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар бар. Ал, біздің, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өкілдерінің міндеті - халықтың пікіріне, сұраныстарына құлақ асып, құқықтарын қорғап, құқықтық мәдениетімізді күшейтіп,  барынша заң үстемділігін орнықты қамтамасыз ету.

А.АБДОЛОВ,

ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Референдум 2026

Референдум 2026