Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жуырда өткен облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатты.
Алдымен 2014-2015 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен «Munaishy CUP – 2026» облыстық турнирінде аудан құрамасы чемпион атанды. Дүбірлі додаға Атырау қаласының «Дина-1», «Дина-2», «Реал Спорт», «Фалькон», «Нефть», «Арсенал», «Жұлдыз» командалары және Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Тартысты кездесулер барысында мықтылығын дәлелдеген махамбеттік жас футболшылар 8 команданың ішінен суырылып шығып, турнирдің І орнын иеленді. Команда ойыншысы Дінмұхамед Ғалым жарыстың «Үздік қақпашысы» атанды.
Сонымен қатар «Мұнайшы» спорт кешенінде 2018-2019 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті. Жарысқа «Имидж-1», «Имидж-2», «МФК Дос», «Ақжар», «Фалкон», «Алау», «Әлем» және Махамбет аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің Бейбарыс ауылындағы бөлімшесінің командасы қатысты. Өздерінің ұйымшылдығы мен шеберлігін көрсеткен бейбарыстық жас футболшылар турнир қорытындысында жүлделі ІІ орынды иеленді. Команда ойыншысы Ибраһим Әлібекұлы жарыстың «Сұрмергені» атанып, арнайы марапатқа ие болды.
Жас спортшылардың жетістіктері – олардың тынымсыз еңбегі мен жаттықтырушылардың жүйелі жұмысының нәтижесі. Командаларды жарыстарға дайындаған жаттықтырушылар – А.Идрисов, Ш.Мұханғалиев, Д.Ғабдолжан, Ш.Нұрмұханбет және А.Алдешов.
Спортшылардың жарысқа қатысуына қолдау көрсеткен демеушілер мен ата-аналардың еңбегі зор. Атап айтқанда, облыстық ашық турнирге қатысуға демеушілік жасаған Global Industrial Construction мекемесінің басшысы Азамат Макеевке, сондай-ақ жарыстарға барып-қайтуға көмек көрсеткен ата-аналарға спорт мектебінің ұжымы шынайы алғысын білдіреді.

