Ата Заң – ел тұрақтылығының кепілі.

Қазақстан үшін Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі, қоғам өмірінің барлық саласын айқындайтын басты құжат. Ата Заң еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды құқықтық негіз болып табылады. Сондықтан Жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуының жаңа кезеңін айқындаған тарихи қадамдардың бірі деуге болады.

Конституциялық реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам қалыптастыру, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және халықтың билікке деген сенімін арттыру. Жаңа Конституция осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды. Ең бастысы – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Ата Заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кең мүмкіндік берілген. Әрбір қазақстандықтың білім алуға, еңбек етуге, қауіпсіз өмір сүруге деген құқығы мемлекет тарапынан қорғалады. Сонымен қатар Конституция қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтаудың маңызды негізі болып саналады.
Қорғаныс саласы үшін де Конституцияның маңызы ерекше. Өйткені онда Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екені нақты көрсетілген. Бұл қағида жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, елге деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Махамбет ауданында да жастарды әскери қызметке дайындау, олардың патриоттық рухын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жас азаматтар Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ел тыныштығын қорғаудың маңызын терең түсінеді.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституция – еліміздің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құжат. Ата Заңды құрметтеу және оның талаптарын орындау – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Нәсіпқалиев Нысаналы Нәсіпқалиұлы
Махамбет ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы,

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT