АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛҒАН БАСТАМА

Күн сайын қатынасы қарқынды республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, түнгі уақытта жолға шығып кететін төрт түліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары адам өміріне қауіп төндіріп, материалдық шығынға да әкеліп жатады. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында Махамбет ауданында төрт түлікке жарық шағылдырғыш ленталар тағу жұмыстары қолға алынды.

Аудан әкімдігінің ұсынысымен және NCOC компаниясының демеушілігімен ауданға 1000 дана жарық шағылдырғыш лента жеткізілді. Қауіпсіздікке бағытталған бұл бастама аясында ленталар ауылдық округтердегі шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылығы бар тұрғындарға тегін таратылып, төрт түлікке тағылуда. Алғашқы жұмыстардың бірі Есбол ауылдық округіне қарасты Ортақшыл ауылындағы «Шабай» шаруа қожалығында жүзеге асырылды. Мұнда ірі қара мен жылқыларға жарық шағылдырғыш ленталар тағылып, олардың қараңғы уақытта жүргізушілерге алыстан анық көрінуіне жағдай жасалды. 

Есбол ауылдық округінің әкімі Алмас Төлегеннің айтуынша, бұл бастама – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды қадам. 

– Соңғы жылдары республикалық маңызы бар Атырау–Орал трассасы және Атырау–Индер бағытындағы автомобиль жолдарында төрт түліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Соның салдарынан адам өлімі мен материалдық шығындар тіркелуде. Осыған байланысты ауылдық елді мекендердегі шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылығы бар тұрғындарға жарық шағылыстыратын ленталар таратылып, төрт түлікке тағылуда. Бұл – жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты шара. Осындай әлеуметтік маңызы бар бастамаға қолдау көрсеткен NCOC компаниясына ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол. 

Мамандардың айтуынша, жарық шағылдырғыш ленталар көлік шамының жарығын бірнеше жүз метр қашықтықтан қайта шағылыстырып, жүргізушілерге жолдағы малды ертерек байқауға мүмкіндік береді. Бұл жүргізушінің дер кезінде шешім қабылдауына жағдай жасап, жол апаттарының алдын алуға септігін тигізеді. 

Жауапты мекемелер мұндай жұмыстар алдағы уақытта ауданның басқа ауылдық округтерінде де кезең- кезеңімен жалғасатынын атап өтті. Жол қауіпсіздігін сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Сондықтан төрт түлік иелерін малды қараусыз жібермеуге және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. 


А.ҚАЗБЕК

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT