Төтенше жағдай – адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, мүлікке және қалыпты тіршілікке қауіп төндіретін күтпеген оқиға. Оның табиғи және техногендік түрлері бар. Табиғи төтенше жағдайларға су тасқыны, сел, дауыл, қатты жел, боран, жер сілкінісі және табиғи өрттер жатса, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға өндірістік апаттар, газдың шығуы, өрт және басқа да авариялық жағдайлар жатады.
Көп жағдайда төтенше жағдайдың алдын алуға болады. Ол үшін әр азамат қауіпсіздік ережелерін біліп, төтенше жағдай кезінде қандай әрекет жасау керектігін алдын ала меңгеруі қажет.
Өрт – ең жиі кездесетін төтенше жағдайлардың бірі. Әсіресе, жаз айларында құрғақ шөптің тұтануы сал-дарынан дала және елді мекендерге жақын аумақтарда өрт шығу қаупі артады. Мысалы, сөндірілмеген темекі тұқылы, қараусыз қалған от немесе балалардың отпен ойнауы үлкен өртке себеп болуы мүмкін. Сондықтан үйде электр құралдарын қараусыз қалдырмай, газ жабдықтарын дұрыс пайдаланып, аулада қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге жол бермеу қажет.
Жаз мезгілінде судағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Рұқсат етілмеген жерде шомылу, мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру – қайғылы жағдайларға әкелетін негізгі себептердің бірі. Балалар суға түскен кезде үлкендердің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Тереңдігі белгісіз, ағысы қатты өзендерде және арнайы жабдықталмаған орындарда шомылмаған жөн.
Табиғи құбылыстар кезінде мысалы, қатты жел, найзағай, бұршақ немесе дауыл кезінде қауіпсіз жерге жасырыну керек. Терезе маңында тұрмай, электр желілері мен ағаштардың қасына жақындамаған дұрыс. Ауа райы күрт өзгерген кезде мамандардың ескертулерін қадағалап, қажетсіз жолға шықпау – қауіптің алдын алудың тиімді жолы. Қыс мезгілінде де қауіп күшейеді. Қатты аяз, боран және көктайғақ кезінде жолға шыққанда ауа райының жағдайын ескеріп, көліктің техникалық дайындығына назар аудару қажет. Ал жылыту маусымында пеш пен мұржаны уақытылы тексеріп, газ және электр құралдарын қауіпсіз пайдаланудың маңызы зор.
Төтенше жағдай кезінде не істеу керек?
Ең бастысы – сабыр сақтап, дүрбелеңге жол бермеу. Қауіп төнген жағдайда адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, қажет болса, бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің 112 нөмірі арқылы төтенше жағдай туралы хабарлауға болады. Өрт кезінде 101 нөміріне қоңырау шалуға болады.
Төтенше жағдайдың алдын алу тек құтқару қызметтерінің міндеті емес. Қауіпсіздік ережесін сақтау, балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету – әр азаматтың жауапкершілігі. Сақтықта қорлық жоқ. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын күнделікті орындау адам өмірін сақтап, үлкен апаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондықтан төтенше жағдайды күтпей, оған алдын ала дайын болу – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.
Махамбет аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі


