МЕМЛЕКЕТТІҢ ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ҚАІПСІЗДІГІ - КЕЗ КЕЛГЕН ДАМЫҒАН ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ. БҰЛ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТІ АТҚАРУДА ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫНЫҢ АРҚАЛАР ЖҮГІ ҚАШАНДА САЛМАҚТЫ. САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ТӨЗБЕУШІЛІК» ҚАҒИДАТЫН БАСШЫЛЫҚҚА АЛА ОТЫРЫП, АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТІН КӨТЕРУГЕ КҮШ САЛАДЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР САҚШЫЛАР ҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ, ОНЫМЕН КҮРЕСУ ЖҰМЫСЫН ЖЕТІЛДІРІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ҚОҒАМДЫ ІЗГІЛЕНДІРУГЕ БАСТАЙ-ДЫ. СОЛ СЕБЕПТІ ҚОҒАМДА ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БЕДЕЛІ ЖОҒАРЫ, ЕҢБЕГІ ЖОҒАРЫ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ.
Осы орайда аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бауыржан Аманов жайында әңгіме өрбітпекпіз.
Ақтөбе өңірінің тумасы Бауыржан Аманов Шалқар қаласындағы №3 орта мектепті 2006 жылы бітірген. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы Есет батыр атындағы әскери мектеп-интернатына оқуға түсіп, оны 2008 жылы аяқтайды. Бауыржан 2009 жылы Ақтөбе заң колледжінің заңгер мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы ойдағыдай бітіріп шыққан.
Еңбек жолын Бауыржан 2011 жылдың маусымында Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып бастаған екен. Ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында қызмет ете жүріп, Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне оқуға түседі. Кейін 2023 жылдың ақпаны мен 2024 жылдың қазаны аралығында көршілес Исатай аудандық полиция бөлімінде ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы болып, еңбек еткен. Ал 2024 жылдың 2-қазанынан бастап Махамбет аудандық полиция бөліміне қызметін ауыстырып, күні бүгінге дейін полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы болып мінсіз қызмет атқарып келеді.
Жалпы кәмелетке толмағандар инспекторының басты қызметі - жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бауыр¬жан Аманов учаскелік полиция инспекторы ретінде жолда жүру ережесін, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауға шақырып, тұрмысы қолайсыз отбасылардың балаларын, қараусыз жасөспірімдерді бақылауға алады. Түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешкі рейд жұмыстарына шығып, заңды өкілінсіз жүргендерге әкімшілік хаттама толтырады.
Жасөспірімдерді назарға алып, дұрыс бағыт-бағдар беру - біздің басты міндетіміз. Соңғы кездері жасөспірімдер арасындағы қылмыс, балалар қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналды. Сондықтан әр ата-ана баласына мұқият болып, оның әр ісіне жауапкершілікпен қарағаны жөн, -дейді полиция майоры Бауыржан Аманов.
Он бес жылдан бері Ішкі істер органдары саласында табанды қызмет етіп келе жатқан Бауыржанның еңбегі еленіп, айтулы марапаттарға ие болды. Атап айтсақ «ішкі істер органдары қызметіне - 10, 15 жыл» медальдарының иегері, 2014 жылы «Махамбет ауданының үздік полиция қызметкері» атанса, 2023 жылы Атырау облысы полиция департаментінің басшысынан абыройлы қызметі үшін Алғыс хат алған.
Кейіпкеріміз өзінің тиянақты жұмысы мен кәсіби шеберлігінің арқасында ұжым арасында абыройлы болса, отбасында арқа сүйер азамат, қамқор әке атанған. Ол 2018 жылы Сайран есімді бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, бүгінде жан жары екеуі төрт қыз тәрбиелеп отыр.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА


