Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 29 мамырдағы №1295 Жарлығына сәйкес Махамбет ауданында көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» белгілерін табыстап, олардың отбасы мен қоғамдағы ерекше рөлін атап өтті.
Мемлекеттік марапатқа ие болғандардың қатарында Айгерім Меңдіғалиева «Алтын алқа» иегері атанса, Әсел Бекназарова, Зульфина Қадыржанқызы, Гүлхан Есенғалиева және Күміс Телжанқызы «Күміс алқамен» марапатталды. Салтанатты жиында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев марапат иелерін құттықтап, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді.
– Сіздер – ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі, ел болашағын тәрбиелеп отырған ардақты аналарсыздар. Бүгінгі марапат – өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбектеріңізге берілген жоғары баға. Аналық мейірімдеріңіз әр шаңыраққа жылулық сыйлап, қоғамымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ- береке және перзенттеріңіздің қызығын көруді тілеймін, – деді аудан әкімі.
Марапат иелерінің атынан сөз сөйлеген Айгерім Меңдіғалиева бұл күннің өз отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған құрметке алғысын білдірді.
– Бұл – тек менің ғана емес, отбасымыздың мерейі. Аналық еңбекке осындай жоғары баға беріп, көпбалалы отбасыларға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысына және аудан басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Балаларымыздың амандығы – біз үшін ең үлкен бақыт. Аналарға шаңырақ шаттығын, ұрпақ қызығын көруді тілеймін, – деді ол.
Шара соңында марапат иелері естелік суретке түсіп, өзара ақжарма тілектерін білдірді.
Қ.БАҒЫТ


