Алма бағындағы еңбек сабағы

Баланың табиғатқа деген сүйіспеншілігі қоршаған ортаны танып-білуден, өсімдік пен тіршілік атаулыға қамқорлық жаса¬удан басталады. Ал оны еңбекпен ұштастыра білу – тәрбиенің бір бағыты. Осы мақсатта «Алтын-ай» бөбекжай-бақшасының «Қыран», «Балбөбек», «Қарлығаш» мектепалды топтарының тәрбиеленушілері Махамбет ауылындағы «Али-Мұхаммед» алма бағына танымдық саяхат жасады.

Экологиялық жоба аясында ұйымдастырылған шараға топ тәрбиешілері Қ.Тайшұнақова, Қ.Дүйімбаева және А.Оразғали жетекшілік етті. Кішкентай саяхатшылар бақ ішін аралап, алма ағаштарының түрлерімен танысып, олардың қалай өсіп, қалай күтіп-бапталатыны жөнінде мағлұмат алды. 

Балалар үшін әсіресе, бағбан еңбегі қызықты болды. Олар бақ иесі Қайрат Доспайұлы Сәрсеновпен кездесіп, алма ағашын отырғызудан бастап, оны суару, топырағын қопсыту, күтіп- баптау және піскен өнімді жинауға дейінгі жұмыстар туралы әңгімесін тыңдады. Бақтағы әр ағаштың артында үлкен еңбек жатқанын осы жолы бүлдіршіндер өз көздерімен көрді. Қайрат Сәрсенов те кішкентай қонақтарына бағбандықтың қыр- сырын қарапайым тілмен түсіндіріп, табиғатты күту адамның өз айналасына деген жанашырлығынан басталатынын айтты. 

– Жерге еккен көшет бір күнде жеміс бермейді. Оны уақытында суарып, түбін қопсытып, күтіп-баптау керек. Сонда ғана еңбектің жемісін көресің. Жалпы қандай істі қолға алсаңдар да оған ықыласпен қарап, бастаған жұмысты аяғына дейін жеткізуге үйреніңдер. Еңбек еткен адам ғана оның нәтижесінің қадірін жақсы түсінеді. Табиғатты жақсы көріп, ағашты сындырмай, айналаны таза ұстап жүріңдер. Бүгін кішкентай болсаңдар да, осындай жақсы әдеттерді қазірден бастасаңдар, ертең елге пайдасы тиетін азамат болып өсесіңдер, – деп ақыл-кеңесін айтып, балаларға жақсы оқып, еңбекқор болып өсулеріне тілектестігін білдірді. 

Бағбанның әңгімесінен кейін бүлдіршіндер бақтағы жұмысты сырттай бақылап қана қоймай, өздері де шамалары келгенше еңбекке араласты. Қайрат ағайдың рұқсатымен алма ағаштарының айналасындағы ұсақ жапырақтарды жинап, жайқалып өскен гүлдерге су құйды. Піскен алмаларды себеттерге жинауға да қолғабыс етті. Осы сәтте балалар үшін күнделікті дастарқаннан көріп жүрген алманың дайын күйінде пайда болмайтыны, оның артында жерді күтіп-баптаған адамның маңдай тері мен тынымсыз еңбегі тұрғаны анық аңғарылды. Бүлдіршіндердің әр іске қызығушылықпен араласып, бір-біріне көмектесуі де саяхаттың тәрбиелік мәнін арттыра түсті. 

Танымдық сапар барысында тәрбиешілер балаларға табиғатты қорғау, өсімдіктерге қамқорлық жасау және өзгенің еңбегін бағалау туралы түсіндірді. Мұндай тәрбиені тек сөзбен жеткізгеннен гөрі баланың өз қолымен гүлге су құйып, ағаш түбін тазалап, жеміс жинауы арқылы сезінуі әлдеқайда әсерлі. Саяхат соңында бүлдіршіндер алма бағы туралы жаңа мағлұмат алып қана қоймай, табиғат пен адам еңбегінің өзара байланы¬сын ұғынды. Өз қолдарымен атқарған шағын жұмыстың өзі оларға ерекше әсер қалдырды. Ал тәрбиешілер бөбекжай-бақша ұжымы атынан Қайрат Доспайұлына балаларға уақыт бөліп, бағбандық еңбектің қыр-сырын таныстырғаны үшін алғыс айтып, еңбегіне табыс тіледі. 

Табиғат аясындағы бір күндік танымдық саяхат осылайша бүлдіршіндер үшін әрі қызықты, әрі тағылымды өтті. Бәлкім бүгін қолына кішкентай суқұйғыш ұстап, гүл суарған немесе себетке алма жинаған баланың санасында еңбекке деген құрметтің алғашқы дәні де осы күні себілген болар. 

Қ.ТАЙШҰНАҚОВА, 
«Алтын-ай» бөбекжай- бақшасының тәрбиешісі

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT