Мен биыл 4-сыныпты аяқтадым. Осы уақыт ішінде менің жүрегімде мәңгі сақталатын жанның бірі – алғашқы ұстазым Раушан апай. Ол кісі бізге тек білім беріп қана қоймай, әрқашан қамқор болып, мейірімін төгіп жүрді. Раушан апайдың сабағы өте қызықты әрі көңілді өтетін. Әр сабақты ерекше тәсілмен түсіндіріп, бізді білімге қызықтыра білді.
Раушан апай – өте талапшыл ұстаз. Ол бізге әрқашан жауапкершілікпен қарауды, ұқыпты болуды және еңбектенуді үйретті. Кейде қателессек, ұрыспай, сабырмен түсіндіріп, дұрыс жолды көрсететін. Сол арқылы біз өз қателігімізді түсініп, түзетуге тырысатынбыз. Ұстазымның әрбір айтқан ақылы мен тәрбиесі біздің болашағымыз үшін маңызды екенін енді түсініп келемін.
Ұстазымның тағы бір ерекше қасиеті – мейірімділігі мен балаларға деген шексіз махаббаты. Ол әр оқушыны өз баласындай көріп, бәрімізге бірдей көңіл бөлетін. Сабақтан тыс уақытта да бізбен сөйлесіп, қолдау көрсетіп отыратын. Осындай жанашырлығының арқасында біз мектепке қуана келетінбіз.
4-сыныпты аяқтау кешінде Раушан апай бізге және ата-аналарымызға арнап ерекше кеш ұйымдастырды. Бұл кеш өте әсерлі әрі көңілді өтті. Біз ән айтып, би билеп, ұстазымызға деген алғысымызды білдірдік. Сол сәттер менің есімде мәңгі сақталады. Апайымыздың бізге деген махаббаты мен еңбегі әр оқушының жүрегінен орын алды. Раушан апай – білікті маман, өз ісінің шебері. Ол бізге тек кітаптағы білімді ғана емес, адамгершілік пен сыйластықты да үйретті. Ол кісінің берген білімі мен тәрбиесі болашақта үлкен жетістіктерге жетуіме көмектеседі деп сенемін. Осындай мейірімді, білімді әрі қамқор ұстазым болғанына мен өте қуаныштымын.
Каусар МӘЛІК,
Қ.Ахмедияров атындағы мектептің оқушысы


