Ақ халатқа адалдық

МАУСЫМ АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ. БҰЛ КҮН – АДАМ ӨМІРІ МЕН ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУДЫ БАСТЫ МІНДЕТ ЕТКЕН АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚҰРМЕТТІҢ БЕЛГІСІ. АУРУМЕН КҮРЕСТЕ АЛДЫҢҒЫ ШЕПТЕ ЖҮРІП, КҮН МЕН ТҮНГЕ ҚАРАМАЙ, ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ӘРДАЙЫМ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАУҒА ЛАЙЫҚ.

Махамбет аудандық ауруханасында тұрғындардың денсаулығын қорғау жолында талмай еңбек етіп жүрген мамандар аз емес. Солардың қатарында көп жылғы тәжірибесі бар акушер-гинеколог Клара Дощанова мен жас та болса білікті хирург Бауыржан Сағынтай бар. Бірі  өмірге жаңа сәби әкелуге атсалысса, екіншісі  түрлі дерт пен жарақаттан арашалап, науқастардың сауығып кетуіне күш салып келеді. Клара Тілегенқызы Дощанова еңбек жолын 1991 жылы Ақтөбе медициналық институтын тәмамдағаннан кейін Махамбет аудандық ауруханасында бастады. Содан бері 35 жылға жуық уақыт ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне арнап келеді.

Осы жылдар ішінде мыңдаған ананың аман-есен босануына, сәбилердің жарық дүние есігін ашуына үлес қосты. Бүгінде аудандық ауруханада жүкті әйелдерді бақылау, қажетті тексерулерден өткізу және қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіледі. Заманауи медициналық жабдықтар да дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отыр.– Біздің басты мақсатымыз – ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету. Жүкті әйелдерді ерте мерзімнен бастап есепке алып, барлық қажетті зерттеулерді жүргіземіз. Қан аздық немесе басқа да асқынулар анықталған жағдайда тиісті мамандарға жолдап, қажетті ем-шараларды ұйымдастырамыз. Ана аман-есен босанып, сәбиін құшағына алған сәт – біздің ең үлкен қуанышымыз, – дейді Клара Тілегенқызы.

Аудандық перзентханадағы заманауи құрылғылардың бірі – EDAN F9 кардиотокограф аппараты. Бұл құрылғы құрсақтағы нәрестенің жүрек соғысын, белсенділігін және жатырдың жиырылуын бақылап, ананың қан қысымы мен сатурациясын өлшеуге мүмкіндік береді. Мұндай жабдықтар ана мен бала денсаулығын бақылаудың сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады. Клара Тілегенқызының ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол 2007 жылы «Жыл дәрігері» атанса, 2023 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 

Ал Бауыржан Болатұлы Сағынтай – аудандық аурухана ұжымына кейінгі жылдары қосылған жас мамандардың бірі. Түркістан облысының тумасы жоғары білім алғаннан кейін еңбек жолын Қостанай облысындағы аудандық ауруханадан бастап, бес жыл бойы ауыл медицинасында тәжірибе жинақтады. 2024 жылдың шілде айынан бастап Махамбет аудандық ауруханасында хирург болып, қызмет атқарып келеді. Жас дәрігердің айтуынша, ауыл медицинасында жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді.– Қалада дәрігер көбіне бір бағыт бойынша жұмыс істейді. Ал ауылдық жерде хирург қана емес, қажет болған жағдайда травматолог та, уролог та, тіпті алғашқы медициналық көмек көрсететін маман да болуға тура келеді. Түнгі кезекшілік кезінде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келеді. Осындай жағдайда тәжірибе жинақтап, өзіңді жан-жақты дамытуға мүмкіндік мол, – дейді Бауыржан Болатұлы.

Дәрігердің айтуынша, Махамбет ауданына келуіне мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары да әсер еткен. Тұрғын үймен қамту, көтерме жәрдемақы беру сияқты мүмкіндіктер жас мамандарды ауылға тартуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Бауыржан Болатұлы аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, әріптестері арасында сый-құрметке ие болып үлгерді. Қысқа уақыт ішінде аудан әкімінің Алғыс хатымен де марапатталған. Медицина саласы – үздіксіз ізденісті, төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Клара Дощанова мен  Бауыржан Сағынтайдың еңбек жолдары әртүрлі болғанымен, екеуін біріктіретін ортақ қасиет бар. Ол – адам өміріне деген жанашырлық пен дәрігерлік парызға адалдық.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT