Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – құқықтық қоғамның басты өлшемдерінің бірі.
Қоғамдағы әділдікті тек заңдардың орындалуымен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы көрінісі – адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасынан, әлсізге қолдау көрсетуінен және өзгенің ар-намысына құрметпен қарауынан байқалады. Адамның қадір-қасиетін бағалау оның әлеуметтік жағдайына, қызметіне немесе тұрмыстық мүмкіндігіне тәуелді болмауы керек.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституциясының 20-бабы адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайтынын және олардың заңмен қорғалатынын бекітеді. Сонымен қатар бұл бапта азаптауға, зорлық-зомбылыққа, қатыгездік көрсетуге және адамның қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге тыйым салынған. Аталған норма адамды құрметтеудің құқықтық негізін айқындайды.
Бұл қағиданың маңызы күнделікті өмірде айқын сезіледі. Мәселен, жұмыс орнында қызметкерді көпшілік алдында кемсіту, баланы үнемі қорқытып тәрбиелеу немесе әлеуметтік желіде біреуді әдейі қорлайтын жазбалар жариялау адамдар арасындағы сенімге нұқсан келтіруі мүмкін. Мұндай жағдайларда адамның абыройын сақтау мәселесі тек әдеп шеңберінде қалмай, нақты мән-жайға қарай құқықтық тұрғыдан да бағалануы ықтимал.
Адамның қадірін сақтау үлкен әрекеттен басталмайды. Біреудің пікірін тыңдау, өзгені кемсітпеу, келіспеушілікті қорлаусыз шешу және баланың да жеке тұлға екенін мойындау – қоғам мәдениетін қалыптастыратын қарапайым қадамдар. Құқықты құрметтеу өзгеге өзімізге қалағандай қараудан басталады.
Конституцияның 20-бабының мәні де осында: адамға құрмет көрсету – жай ғана жақсы әдет емес, заңмен қорғалатын құндылық. Әр азамат осы ұстанымды күнделікті өмірінде басшылыққа алғанда ғана өзара сенім нығайып, әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашылады.
Гүлдана СӘДУАҚАСОВА



