Адал қоғам – жемқорлықсыз болашақ

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсерін тигізетін, мемлекет пен халықтың әл-ауқатына нұқсан келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі. Ол мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімді әлсіретіп, заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарына қауіп төндіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осыған сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Ұлттық баяндаманы әзірлеп, оны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді, кейін құжат Мемлекет басшысына ұсынылады. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлғаларға және лауазымды адамдарға мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда өз қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға жол берілмейді. Бұл талап мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің өркендеуі әрбір мемлекеттік қызметшінің адалдығы мен жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан қызмет барысында заң талаптарын қатаң сақтап, жеке бас мүддесін қоғамдық мүддеден жоғары қоймау – әр азаматтың парызы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру да ерекше маңызға ие. Ол адамның адамгершілік, зияткерлік және мәдени құндылықтарын нығайтып, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға бағытталған үздіксіз тәрбие мен білім беру үдерісі болып табылады. 

Адалдық, әділдік және заңға құрмет – өркениетті қоғамның басты құндылықтары. Сондықтан әрқайсымыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, ар-ождан тазалығын сақтай отырып, әділетті қоғам құруға өз үлесімізді қосуымыз қажет. 


Бұлбұл АЛЬПИЯРОВА, 
аудандық статистика бөлімінің жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT