30 тоннадан астам қоқыс шығарылды

19 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында Махамбет ауылдық округінде қоршаған ортаны қорғауға, елді мекен аумағын абаттандыруға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – туған жердің тазалығын сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау, ауыл аумағын көркейту және тұрғындарды тазалық жұмыстарына белсенді түрде тарту.

Экологиялық акция барысында ауыл аумағындағы «Жасыл белдеу» жерлерінде көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке қатысушылар белгіленген аумақтарды қоқыс қалдықтарынан тазартып, кесілген ағаштарды жинап, арнайы орындарға шығарды. Сонымен қатар, айналаны ретке келтіру, абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Тазалық жұмыстарына ауылдық округ тұрғындарымен қатар,  барлық мекеме қызметкерлері, жастар және белсенді азаматтар қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты. Жалпы, экологиялық акцияға 150-ге жуық адам жұмылдырылды.

Ұйымдастырылған ауқымды сенбіліктің нәтижесінде ауыл аумағынан 30 тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Бұл – тұрғындардың қоршаған ортаға деген жанашырлығы мен елді мекенді таза әрі көрікті ұстауға деген ортақ жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Дүниежүзілік тазалық күні – әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды қоршаған ортаны қорғауға және табиғатты таза ұстауға үндейтін маңызды халықаралық бастама. Осындай акциялар арқылы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, қоқысты бейберекет тастамау және туған жердің тазалығын сақтау қажеттілігі кеңінен насихатталады.

Махамбет ауылдық округінде өткен экологиялық акция да осы игі мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталды. Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтау – тек арнайы акциялар кезінде ғана емес, күнделікті өмірде әр азаматтың басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.

Тазалық бар жерде – тәртіп, көркейген ортада – береке бар. Сондықтан әр тұрғын өз ауласынан, өз көшесінен және өз ортасынан бастап тазалыққа үлес қосса, ауылымыздың ажары артып, қоршаған ортамыз да таза әрі жайлы болмақ.

 

Гүлдана СӘДУАҚАСОВА

WorldCleanupDay #ТазаҚазақстан #ӨзіңненБаста #Начниссебя #ДүниежүзілікТазалықКүні #Тазалық #ЭкологиялықАкция #МахамбетАуылдықОкругі

 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT