Жылыойда 280 орындық жаңа балабақша пайдалануға беріледі

Жылыойда 280 орынға арналған жаңа балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын.

Қазір нысандағы негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 99%-ға аяқталған,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

Екі қабатты балабақша 1,2 гектар аумақты алып жатыр. Ғимараттың жалпы ауданы 3 мың шаршы метрге жуық. Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, балалардың білім алуына, шығармашылық қабілетін дамытуына және дене шынықтырумен айналысуына қажетті жағдай жасалған.

 

Балабақшада 13 топ жұмыс істейді. Оның ішінде 3-4, 4-5 және 5-6 жастағы балаларға арналған топтардың әрқайсысында 86 тәрбиеленушіден, ал 6-7 жастағы топта 22 бала бар. Жалпы нысан 280 балаға арналған.

 

Жаңа ғимаратта музыка және дене шынықтыру сабақтарына арналған әмбебап зал, үйірмелер, әдістемелік кабинет, психолог пен логопед кабинеті, сондай-ақ педагогтерге арналған бөлмелер қарастырылған. Бұдан бөлек, қызметкерлерге қажетті тұрмыстық және қосалқы бөлмелер бар.

 

Балабақша аумағында балалардың жас ерекшелігіне сай топтық ойын алаңдары, көгалдандырылған демалыс орындары орналасқан. Сондай-ақ нысан үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қазандық, трансформаторлық қосалқы станция және дизельді электр станциясымен жабдықталған.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT