Атырау Жастар театры үшінші маусымының шымылдығын Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» қойылымымен ашады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Атырау Жастар театрының басшысы Әміржан Нұрланұлы мәлімдеді.
– Театрдың ашылғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде қоржынымызда 16 сахналық қойылым бар. Олардың барлығы көрермен талғамы мен қоғам сұранысына сай, мазмұны өзекті, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер. Биыл да үлкен белестерді бағындыру мақсатында шығармашылық ізденіспен жаңа маусымды бастаймыз, – деді театр басшысы.
Өткен маусымда театр ұжымы көрермен назарына түрлі жанрдағы төрт жаңа қойылым ұсынған. Ал биыл «Махаббат бекеті» және балаларға арналған «Қошқар мен теке» спектакльдерінің премьерасы жоспарланып отыр. Қазір қойылымдарға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Сонымен қатар театр ұжымы жаңа маусымда республикалық және халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, шығармашылық көкжиегін кеңейтуді көздейді.
Жаңа маусымның алғашқы қойылымы – «Тақиялы періште» спектаклі 19 тамыз күні сағат 19:00-де Атырау Жастар театрының сахнасында көрерменге ұсынылады.


