Құрметті ата-аналар!
18 мен 21 маусым күндері аралығында Атырау облысы көлемінде жалпы білім беретін мектептердің 11-сынып түлектеріне аттестат табыстау рәсімдері өткізіліп, мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Осыған байланысты сіздерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырамын.
Мектеп бітіру кеші – әр түлектің өміріндегі маңызды әрі есте қаларлық сәт. Алайда мерекелік көңіл-күй қауіпсіздік талаптарын ескерусіз қалдыруға себеп болмауы тиіс. Өкінішке қарай, жыл сайын осы кезеңде жасөспірімдердің су айдындарына баруы, автокөлік кортеждерін ұйымдастыруы, жол қозғалысы ережелерін бұзуы, түнгі уақытта бақылаусыз жүруі, алкогольдік ішімдіктерді пайдалануы салдарынан түрлі құқық бұзушылықтар мен оқыс оқиғалар орын алып жатады. Осыған орай, «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында күшейтілген жұмыстар жүргізетін болады.
Құрметті ата-аналар!
Аттестат табыстау рәсімінен және мейрамханадағы кеш аяқталғаннан кейін балаларыңызды жеке өзіңіз қарсы алып, үйлеріне жеткізген жөн.
Естеріңізге саламыз, кәмелетке толмағандардың жасаған құқық бұзушылықтары үшін заңнамаға сәйкес олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапкершілікке тартылады.


