Бүгін, 23 тамызда, Теңіз кен орнында Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтіп жатыр. Оған Теңізде жүрген 6800-ге жуық қызметкер қатысады деп күтілуде.
Дауыс беруді өткізу үшін алты локацияда сегіз сайлау учаскесі ұйымдастырылған. «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) баспасөз қызметінің хабарлауынша, қызметкерлер жұмыс кестесін ескере отырып, күні бойы дауыс беруге қатыса алады.
Қызметкерлерді сайлау учаскелеріне жеткізу үшін арнайы көлік ұйымдастырылған. Автобустар өндірістік нысандар мен дауыс беру орындары арасында қатынап, қызметкерлерді сайлау учаскелеріне және кері қарай тасымалдайды.
- «Бүгін біз жұмыс ауысымындамыз, сондықтан тұрғылықты жеріміз бойынша дауыс бере алмаймыз. Сайлау учаскелерінің тікелей Теңізде жұмыс істеп тұрғаны жақсы болды. Соның арқасында кен орнынан шықпай-ақ дауыс беруге қатыса аламыз», - деді Ғазизбек Еркін есімді қызметкер.
Тағы бір қызметкер Сұлтан Тілекқабылов ұйымдастырылған көлік нысандар арасындағы қашықтықты ескергенде дауыс беру процесін айтарлықтай жеңілдететінін атап өтті.
- «Теңіздің аумағы үлкен, көптеген нысандар бір-бірінен алыс орналасқан. Біз үшін арнайы көлік ұйымдастырылды: сайлау учаскесіне барып, дауыс беріп, кейін жұмыс орнына қайта оралуға болады», - деді ол.
Сайлау учаскелерінің жұмысы ауысымдық кесте мен өндірістік нысандардың орналасуын ескере отырып ұйымдастырылған. Бұл бүгін Теңізде жүрген қызметкерлерге өздерінің дауыс беру құқығын пайдалануға мүмкіндік береді.


