Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде полицей өз өмірін қатерге тіге отырып, «Молодежный» КМК-ның екі қызметкерін құтқаруға көмектесті.
20 тамыз күні шамамен сағат 14:30-да 1985 жылы туған «Молодежный» КМК-ның екі қызметкері Қасым Қайсенов кентіндегі №11 үйдің маңында кәріз құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізген.
Жұмыс барысында ер адамдардың бірі кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған. Әріптесіне көмектеспек болған екінші жұмысшы да артынан түсіп, ол да есінен айырылған.
Оқиғаны Ұлан ауданының криминалисі, полиция капитаны Асет Нағашбаев байқап қалған. Ол сол маңнан өтіп бара жатып, кәріз құдығы жанындағы адамдардың дабылға толы айқайын естіп, дереу учаскелік полиция инспекторына хабар берген.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұрдәулет Тетепов жетті. Әр секундтың маңызды екенін түсінген ол кідірместен арқан сұратып алып, оны бекітіп, кәріз құдығына түскен.
Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, полицей әрекетін тоқтатпады. Ол санаулы минут ішінде алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін шығаруға көмектескен. Одан соң екі азамат жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Полиция капитаны Асет Нағашбаевтың қырағылығы мен полиция майоры Нұрдәулет Тетеповтің батыл әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
Осындай сәтте полицей үшін таңдау айқын: адамға көмек қажет болғанда, ойлануға уақыт болмайды.
#БІЗДІҢПОЛИЦИЯ


