Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде №294 сайлау учаскесіне әлемдік футбол жұлдыздары Лионель Месси мен Криштиану Роналдудың кейпіндегі екі азамат келіп, дауыс берді, деп хабарлайды AtyrauPress Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Ерекше киінген екі дос футболды және танымал спортшыларды жақсы көретінін айтады. Олар сайлау күнін есте қаларлықтай өткізіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат еткен.
Дауыс беруге кірмес бұрын «Месси» мен «Роналду» №70 мектеп маңында шағын футболдық сергіту өткізді. Доппен бірнеше қимыл жасап, кейін сайлау учаскесіне кіріп, өз таңдауларын жасады.
Олардың айтуынша, бұл әрекет арқылы азаматтық белсенділікті сүйікті іспен ұштастыруға болатынын көрсеткісі келген.
Футбол жұлдыздарының бейнесіндегі сайлаушылар учаскеге келген тұрғындардың да назарын аударды. Олар көпшілікпен суретке түсіп, №294 сайлау учаскесіндегі дауыс беру күніне ерекше көңіл күй сыйлады.


