«Үлгілі ауыл-2026» ҚАМЫСҚАЛА – ҮЛГІЛІ ҮШ АУЫЛДЫҢ БІРІ

Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы бүгінде елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігіне айналды. Осы игі бастама аясында облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен, «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Экологиялық ағарту және насихаттау» жобасы шеңберінде өткен «Үлгілі ауыл – 2026» байқауы өз мәресіне жетті.


Өңір бойынша 69 ауылдық округ пен 200-ге жуық елді мекен қатысқан байқауда Қамысқала ауылдық округі үздік үштіктен көрініп, ІІІ орынға ие болды. Бұл – ауылдың көркі мен тазалығын сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың, тұрғындардың белсенділігі мен ортақ жауапкершілігінің нақты нәтижесі.
Байқау барысында елді мекендер көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалық, қоғамдық орындардың күтімі және тұрғындардың экологиялық шараларға қатысу белсенділігі секілді бірнеше маңызды бағыт бойынша бағаланды. Сондықтан жеңімпаздар бір күндік сенбілікпен емес, жыл бойы атқарылған нақты жұмыстар мен тұрақты еңбектің нәтижесіне қарай анықталды.

 


Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, жыл басынан бері бағдарлама аясында ауылда ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, 4550 түп ағаш отырғызылып, көшелер мен қоғамдық орындардан 168 тонна тұрмыстық қалдық шығарылған. Бұл көрсеткіштер ауылдың тазалығы мен көркеюіне әкімдікпен қатар тұрғындардың, мекеме-ұжымдардың және еріктілердің де белсене атсалысқанын аңғартады.

 


– Осынша ауылдың арасынан «Үлгілі ауыл» атанып, үздік үштікке ену – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл – әкімдік қызметкерлерінің ғана емес, туған жердің тазалығына бейжай қарамаған ауыл тұрғындары мен барлық мекеме-ұжымдардың ортақ еңбегі. Сондықтан бұл марапатты бүкіл Қамысқала жұртшылығының жеңісі деп бағалаймыз,-дейді округ әкімі.
Иә, расында да ауылдың тазалығы тек оның сыртқы келбетін айқындайтын өлшем емес. Ол – тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Сондықтан Қамысқаланың «Үлгілі ауыл – 2026» байқауында жүлдегер атануы – өңірдегі экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған игі бастамалардың нәтижесі әрі өзге елді мекендерге үлгі боларлық жетістік.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT