Келешек ұрпаққа таза әрі көрікті ортаны аманаттауымыз керек

"Таза Қазақстан" акциясының Атырау облысында жүйелі жүзеге асып жатқанын нақты істерден көруге болады.

Бүгінде өңірімізде тұрақты сенбіліктер өткізіліп, көшелер, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтар тазартылып келеді. Ең бастысы – бұл бастама халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.

Ұстаз ретінде мен бұл акцияның тәрбиелік маңызына ерекше тоқталғым келеді. Себебі қоршаған ортаны қорғау – тек бір күндік сенбілікпен шектелмейтін, жас ұрпақтың бойына бала кезден сіңірілуі тиіс құндылық. Мектеп оқушыларының, жастардың және еріктілердің тазалық жұмыстарына белсенді қатысуы олардың туған жерге деген жанашырлығын арттырады.

Доссор кентінде де тұрғындардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, айналаны таза ұстауға деген жауапкершілігі артып келе жатқанын байқаймыз. Мұндай игі бастамалар адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілік мәдениетін нығайтады.

«Таза Қазақстан» – жай ғана экологиялық акция емес. Бұл – қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертетін, әр азаматтың азаматтық жауапкершілігін арттыратын жалпыұлттық қозғалыс. Осындай бастамалар тұрақты жалғасын тапса, келешек ұрпаққа таза әрі көрікті ортаны аманаттай аламыз деп сенемін.

Азамат Қожабайұлы, Доссор кентінің тұрғыны, ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT