Атырау қаласында қоршаған ортаны қорғау, тарихи орындарды қадірлеу және қоғамдық кеңістікті абаттандыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Жасыл ел» жобасының сарбаздары мен жастардың қатысуымен #UpgradeAtyrau акциясы ұйымдастырылды. Игі шара барысында Жеңіс саябағындағы батырларға арналған ескерткіштер тазаланып, жуылып, ретке келтірілді.

Жеңіс саябағы – ел тарихындағы ауыр жылдар мен Отан қорғаған ерлердің ерлігін ұлықтайтын тағылымды орын. Мұндағы ескерткіштерді күтіп ұстау – өткенге тағзым етудің, тарихи жадқа құрмет көрсетудің бір көрінісі.
Акцияға қатысқан жастың бірі Мирас Ерланұлы мұндай жұмыстардың тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
–Бұл саябаққа келіп, батырлардың ескерткіштерін тазалаудың өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Отан үшін өмірін қиған батырлардың есімін құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы. Сонымен бірге қаламыздың таза әрі көрікті болғанын бәріміз қалаймыз. Сондықтан осындай игі іске өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз, — дейді жас сарбаз.
Жастар саябақ аумағын тазалап қана қоймай, қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың маңызын көрсетті. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың туған жерге деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы осындай игі істер Атыраудың ажарын ашып, қала тұрғындарын туған өлкені таза ұстауға үндей түседі.
Майра ЕРҒАЛИ



