Атырау облысының Индер ауданындағы Көктоғай ауылдық округінде жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Серік Нсанбаев қатысып, көктоғайлықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға, әсіресе ауылдық жерлерде балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасауға ерекше мән беріп келеді. Бүгін Көктоғай ауылында заманауи спорт кешенінің ашылуы – осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұл нысан ауыл жастарының спортпен шұғылдануына, жаңа жетістіктерге ұмтылуына мүмкіндік береді. Кешен ел игілігіне қызмет етіп, болашақ чемпиондардың қанатын қатайтар спорт ордасына айналсын, – деді аудан әкімі.
Жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінде волейбол, баскетбол, кіші аяқ доп және күреспен айналысуға арналған залдар бар. Сонымен қатар жаттықтырушыларға арналған арнайы бөлмелер бар.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт кешені ауыл тұрғындарының тұрақты түрде спортпен айналысуына, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Жаңа нысан - Көктоғай ауылындағы спорт инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, ауыл балалары мен жастары өз елді мекенінде сапалы спорттық дайындықтан өтіп, аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда бақтарын сынауға мүмкіндік алады.


