Талғайран ауылында Жайық жағасында ұлттық мұраны ұлықтап, жастарға дәстүрлі өнердің қыр-сырын үйретуге арналған тимбилдинг өтті. Іс-шараны «Қазақия» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «Асыл мұра» жобасы аясында өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі
Іс-шара барысында қатысушылар киіз басу, ұршық иіру, киіз үй құру сынды қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан дәстүрлі өнер түрлерімен танысты. Шеберлер жастарға жүнді өңдеуден бастап, киіз басудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, ұлттық қолөнердің ерекшеліктерімен бөлісті.
«Қазақия» қоғамдық қорының жетекшісі Жанар Әбіштің айтуынша, соңғы уақытта ұлттық өнерге қызығушылық танытатын жастардың қатары артып келеді.
-Ұлттық мұрамызды келесі ұрпаққа аманаттау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінде жобада киіз басудан үш шебер бар. Олар өнердің қыр-сырын меңгеріп, дәстүрлі әдістерді заманауи техникалармен ұштастырып, жастарға үйретіп келеді. Бұл – ұлттық өнердің жаңғырып, жаңа буын арасында кеңінен насихатталуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жобаны ауқымды форматта өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Жанар Әбіш.


