Қоғамның мәдениеті мен тәртібі ең алдымен жолдағы адамдардың әрекетінен байқалады. Бір ғана ережені елемеу орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан жол қауіпсіздігі – тек полицияның немесе жүргізушілердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі.
Ауданымызда жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, оның нәтижелі болуы әр азаматтың заңға деген құрметіне байланысты. «Заң мен тәртіп» қағидаты – жол ережесін бұзбау, жаяу жүргіншіге жол беру, көлікті мас күйінде жүргізбеу, жылдамдықты шектен асырмау сияқты қарапайым талаптарды саналы түрде орындаудан басталады. Әсіресе, мектеп оқушылары мен жастар арасында жол мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет.
Қауіпсіз жол – тыныш өмірдің кепілі. Егер әркім өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын бұлжытпай орындаса, жол-көлік оқиғалары азайып, ауданымыздағы тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі арта түседі. Заңды құрметтеу – өз өміріңді де, өзгенің өмірін де құрметтеу деген сөз.


