Әділдік пен адалдық – қоғамның берік тірегі, ел дамуының негізгі кепілі. Алайда осы құндылықтарға ең үлкен қауіп төндіретін құбылыс бар. Ол – сыбайлас жемқорлық.
Сыбайлас жемқорлық – қызметін пайдаланып, жеке пайда табу, пара алу немесе беру арқылы әділеттілікті бұзу. Мұндай әрекеттер адалдық пен әділдік қағидаларын жоққа шығарады. Нәтижесінде қоғамда сенім азайып, адамдар арасында теңсіздік пайда болады.
Жемқорлықтың ең үлкен зи¬яны – әділдіктің жойылуы. Еңбек етіп, біліммен жетістікке жету орнына, кейбір адамдар пара арқылы өз мақсатына жетуге тырысады. Бұл адал еңбекке деген сенімді әлсіретеді. Сонымен қатар жемқорлық экономиканың дамуына да кері әсер етеді. Қаражат дұрыс бөлінбей, маңызды жобалар толық жүзеге аспай қалады.
Тағы бір зияны – халықтың мем¬лекетке деген сенімінің төмендеуі. Егер адамдар заң бәріне бірдей жұмыс істемейді деп ойласа, онда қоғамда тәртіп те әлсірейді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің көбеюіне әкеледі.
Сыбайлас жемқорлықпен күресу – әр азаматтың міндеті. Әр адам адалдықты ту етіп, әділдікті қолдаса ғана бұл індеттің алдын алуға болады. Жастарды дұрыс тәрбиелеу, заңды құрметтеу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау – жемқорлықсыз қоғам құрудың басты жолы.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлық – әділдік пен адалдыққа қарсы келетін қауіпті құбылыс. Оны¬мен күресу арқылы ғана біз әділ қоғам қалыптастырып, жарқын болашаққа қадам жасай аламыз.
А.ЖАНАЕВА,
аудандық мемлекеттік қазынашылық басқармасының
бас маман-бас қазынашы


