Жасыл желек – жарқын болашақтың негізі

Табиғатты қорғау мен елді мекендерді көгалдандыру – қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Ағаш отырғызу, жасыл аумақтарды көбейту және оларға тұрақты күтім жасау арқылы адамдар өмір сүретін ортаның жайлылығын арттыруға болады. Осы бағыттағы жұмыстар «Таза Қазақстан» бастамасының маңызды бөлігін құрайды.

Жасыл желек – табиғаттың ажырамас бөлігі. Бір қарағанда, бір тал отырғызудың әсері аз сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бүгін егілген көшет жылдар өте келе көлеңке беретін, ауаны тазартуға үлес қосатын үлкен ағашқа айналады. Сондықтан көгалдандыру жұмыстары – бүгінгі күнмен қатар келешек ұрпақтың игілігін ойлау деген сөз.

Елімізде «Таза Қазақстан» аясында ағаш отырғызуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2026 жылы экологиялық шаралар барысында ел аумағында 1,2 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Сонымен қатар қоғамдық орындар, саябақтар мен елді мекендер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Көгалдандырудың нәтижелі болуы тек көшет отырғызумен аяқталмайды. Әрбір отырғызылған талға су құйып, уақытылы күтім жасау, сынған бұтақтарын ретке келтіру және жасыл желекті қорғау қажет. Бұл іске тұрғындармен бірге жастардың, еріктілердің және қоғамдық ұйымдардың белсенді араласуы маңызды.

Табиғатты аялау – кейінге қалдыратын міндет емес. Бүгін отырғызылған әрбір ағаш ертеңгі күннің көркіне айналады. Сондықтан жасыл желекті көбейту арқылы біз өзімізге қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, келер ұрпаққа таза әрі көрікті мекен қалдырамыз. Жасыл ел – жарқын болашақтың кепілі.

 

Г.Сәдуақас

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT