Табиғатқа жанашырлық таныту – әр азаматтың туған жер алдындағы парызы. Соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды игі іске жұмылдыруда. Оның аясында қолға алынған ағаш отырғызу жұмыстары – бүгінгі еңбектің ертеңгі ұрпаққа берер үлкен сыйы.
Махамбет ауданында да көгалдандыру мен тал егу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Көшелерде, қоғамдық орындарда және мекеме аулаларында отырғызылған әрбір көшет ауданның ажарын ашып қана қоймай, табиғаттың тепе-теңдігін сақтауға да өз үлесін қосады. Бұл жұмыстарға мемлекеттік қызметкерлер, жастар, еріктілер және аудан тұрғындарының белсене қатысуы туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Бір түп ағаш отырғызу – тек бүгінгі күннің қамы емес, болашаққа деген жауапкершіліктің белгісі. Өйткені көктеп жайқалған әрбір тал таза ауаның, көрікті ортаның және жайлы өмірдің кепілі. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, табиғатты аялауды күнделікті өмір салтына айналдыру. Әрбір егілген көшет – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, ел болашағына деген сенімнің белгісі.


